Дата-орталықтар ауаны ластайды. Бұдан экологияға көмір мен газ және көліктен келер залалдан аспаса, кем түспейді. Сөйте тұра АҚШ серверлердің санын арттыруға ниетті.
Тіпті жаңа дата-орталықтардың құрылысы қарқын алды. Ал Құрама Штаттарда қазірдің өзінде 5 мың нысан бар. «Бұл климат өзгерісінің ушыға түсуіне әкеледі», - дейді экологтар. Тығырықтан шығар жол қандай? Сарапшылар не дейді?
Жасанды интеллектінің әр қимылы қыруар энергия. Яғни озық технология үздіксіз жұмыс істеп тұруы үшін қосымша дата-орталықтар қажет. Алдағы уақытта Amazon, Microsoft, Google және Meta компаниялары АҚШ-та 60 жаңа сервер салуға ниетті. Алайда бұл кешендер іске қосылса, ауаға жыл сайын 101 млн тонна көмірқышқыл газы тарайды. Ал бұл экологияны 27 жылу электр стансасы немесе 24 млн көлік ластағанмен бірдей.
Дженнифир Крилл, Earthworks ұйымының атқарушы директоры:
- Бұл сала АҚШ-тың энергетикалық жүйесін санаулы жылда түбегейлі өзгертті. Дата-орталықтардың көптеп салынуынан таза және жаңартылатын энергияға көшу үрдісі баяулады.
100 МВт қуаты бар бір ғана дерек орталығы, 200 мың тұрғыны бар қалаға қажетті энергияны тұтынады. Болжамға сенсек, алдағы 5 жылда бір ғана жасанды интеллект индустриясы әлемдік электр энергиясының 5%-ын пайдаланатын болады. Ал көгілдір отын арзан энергия көзі екенін ескеріп, былтыр АҚШ билігі бұл өндірісті жандандыруға кірісті. Блумберг басылымының дерегі бойынша, Құрама Штаттар 200-ге жуық газ турбиналарын салуды жоспарлап отыр.
Бенжамин Ли, Пенсильвания университетінің профессоры:
- Генеративті жасанды интеллект пайда болғанға дейін алпауыт технологиялық компаниялар мен дата-орталық операторлары компьютерлерді жасыл энергия арқылы қуаттаймыз деп ойлайтын. Бірақ 2022 жылы ChatGPT сияқты чат-боттар қолданысқа енген соң, үлкен аккумуляторлардың күші жетпейтіні белгілі болды. Күн мен жел тоққа сұранысты қамтамасыз ете алмайды.
Технологиялық алпауыттар 2040 жылға қарай көмірқышқыл газын шығаруды азайтуға тиіс. Алайда компаниялардың бұл міндеттемені орындап, жаһандық күреске үлес қосатын түрі көрінбейді. Өйткені биыл ауаға тараған зиянды қалдықтардың көлемі Amazon-дікі – 16, Microsoft-тікі – 25, ал Google-дікі 18 пайызға өскен. Дата-орталықтар ауыз суды көп қажет етеді.
Бенжамин Ли, Пенсильвания университетінің профессоры:
- Тоқтың көп бөлігі графикалық процессорлар, яғни компьютерлердің есептеу жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұруы үшін жұмсалады. Бұл процессорлар есеп жүргізіп, дайын жауапты шығарған кезде қатты қызады. Сондықтан мұны салқындату үшін су қажет.
Қазір алпауыт компаниялар табиғатқа келер зиянды азайту үшін қазба отындар: газ, мұнай, көмір қолданысын шектеуге баса назар аударып отыр. Сол себепті атом энергиясын дамытамыз дейді. Тіпті атом электр стансаларын салуға қомақты қаржы құюға әзір.
Тегтер #Хабар 24 #жаңалықтар #датаорталықтар #экологияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz