RU
Толық нұсқаға өту
фото: depositphotos.com

Сингапурда бала туу көрсеткішін арттыру үшін әр балаға 55 мың долларға жуық көмек беріледі

25.08.2026, 16:00 38

Сингапур бала туу көрсеткішінің рекордтық төмендеуіне байланысты отбасыларды қолдаудың жаңа шараларын енгізбек, деп хабарлайды 24KZ Financial Review ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мемлекет әр балаға туғаннан 17 жасқа толғанға дейін шамамен 70 мың сингапур доллары, яғни 55 мың АҚШ долларына жуық қаржылай көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонг жыл сайынғы халыққа жолдауында балаларға берілетін төлемдер мен бала күтіміне байланысты демалыс жүйесі қайта қаралатынын мәлімдеді.

Жаңа бағдарлама бойынша ел азаматы болып дүниеге келген әр балаға бір реттік 10 мың сингапур доллары немесе шамамен 7,8 мың АҚШ доллары беріледі. Бұдан бөлек, отбасыға қосымша қолдау көрсетіледі. Осылайша бала 17 жасқа толғанға дейінгі тікелей көмектің жалпы көлемі шамамен 70 мың сингапур долларына жетеді.

Билік бала күтімі қызметтері мен мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді етуді, ата-аналарға берілетін демалыс бойынша қолдауды кеңейтуді және отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Балалы отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй алу кезінде қосымша мүмкіндіктер беріледі.

Үкіметтің мақсаты – тек қаржылай көмек көрсету емес, отбасыларға қолайлы жағдай қалыптастыру.

Бұл шаралар Сингапурда бала туудың жиынтық коэффициенті әйел басына шаққанда 0,87-ге дейін төмендеген кезде қабылданып отыр. Халқы 6 миллионнан сәл асатын мемлекет әлемдегі ең төмен көрсеткіш бойынша Оңтүстік Кореяға жақындады. Онда бұл көрсеткіш – 0,8. Демографтардың айтуынша, таза көші-қон болмаған жағдайда халық санын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін бала туудың жиынтық коэффициенті 2,1 болуы қажет.

Үкімет қаржылай ынталандыру шараларының өзі жеткіліксіз болуы мүмкін екенін мойындап отыр. Жастар бала тәрбиесінің қымбаттығын, жұмыс жүктемесінің жоғары екенін және ата-ана болудың өмір салтына әсерін де атап көрсетеді.

Билік жаңа шараларға қарамастан, бала туу көрсеткіші халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін деңгейден төмен болып қала береді деп болжап отыр. Сондықтан Сингапур халық саны мен еңбек ресурстарының азаюын өтеу тәсілдерінің бірі ретінде көші-қонға да сүйенбек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz