RU
Толық нұсқаға өту

Қытай мен Сингапурда демографиялық ахуал ушықты

26.08.2026, 07:30 39

Бізде демографиялық көрсеткіш артқанымен жаһандағы жағдай мәз емес. Адамзат баласы жер бетінен жойылып барады.

Америкалық кәсіпкер Илон Маск Сингапурдағы демографиялық ахуалға қатысты осындай пікір білдірді. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қала-мемлекетте бала туу көрсеткіші бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеген. Сол себепті ел үкіметі отбасыларды қолдауға бағытталған шараларды ұсынып жатыр.

Енді Сингапурда балаларға 17 жасқа толғанға дейін билік тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Бір балаға 70 мың сингапур доллары төленеді. Бұл шамамен 25 млн теңге. Осыған қарамастан, жастар перзент сүюге асығар емес.

Сингапурда бала туу көрсеткіші рекордтық төмен деңгейге жетті. Үкімет мұнымен күресу үшін әлемдегі ең ауқымды қолдау бағдарламаларының бірін іске қоспақ. Енді жаңа туған нәрестелерге 10 мың сингапур доллар көлемінде сыйақы беріледі. Мемлекет бала дүниеге келген алғашқы сәттен бастап оның 17 жасқа толғанына дейінгі шығындардың бір бөлігін өтеуді көздеп отыр. Осылайша, әр балаға 17 жасқа дейін берілетін тікелей қаржылай қолдау көлемі шамамен 70 мың сингапур долларына жетеді. Бұл шамамен 25 млн теңге. Бұған қоса, сәби күтіміне байланысты демалыс күндерінің саны да артады. Ал мемлекеттік тұрғын үй алуға өтініш берген отбасыларға әр бала үшін қосымша мүмкіндік беріледі.

Лоуренс Вонг, Сингапур Премьер-министрі:

- Үкімет отбасыларды қолдау тәсілін түбегейлі өзгертуге ниетті. Осы қаржы жылында тиісті бастамаларға шамамен 7 млрд Сингапур долларын жұмсауды жоспарлап отыр. Отбасыларды қолдау Сингапурдың басты басымдықтарының біріне айналады. Балалы болғысы келген әр жанұя үкіметтен көмек көрсетілетінін білгені жөн.

1970 жылдардың басында елде «Екі бала жеткілікті» атты науқан жүрді. Ол кезде халық санының шамадан тыс өсуі елдің дамуына кедергі келтіріп, ресурстардың сарқылуына әкелуі мүмкін деп есептелген. Алайда 1987 жылы мемлекет демографиялық саясатын түбегейлі өзгертті.

Сингапурда демографиялық ахуал ушықты

Сингапурда былтыр жалпы туу коэффициенті 0,87 деңгейге төмендеді. Иммиграцияны есептемегенде халық санының ұзақ мерзімде тұрақты сақталуы үшін қажетті  көрсеткіш 2,1 деңгейінде болу қажет. Мемлекет барынша ынталандырып жатқанымен, сингапурлықтар балалы болуға асықпайды. YouGov жүргізген сауалнамаға сәйкес, 18 және 44 жас аралығындағы азаматтардың шамамен үштен бірі ешқандай мемлекеттік саясат олардың перзент сүюге деген ниетін арттыра алмайтынын айтқан. Бүгінде Сингапур халқы 6 миллионға жуықтады. Оның тек 60 пайызы - ел азаматтары. Қалғаны – тұрақты тұрғындар, шетелдік жұмысшылар мен студенттер. Сингапур біртіндеп «қартайған» қоғамға айналып барады. Яғни, алдағы жылдары еңбек күшінің өсу қарқыны да баяулайды.

Юджин Тан, Менеджмент университетінің құқық доценті:

- Туу көрсеткішінің төмендеуі әлі бірнеше ұрпақ бойы жалғасып, жағдай қиындап кетуі мүмкін. Сондықтан кейінгі қабылданып жатқан шаралар Сингапур үшін ең дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл бастамалардың табысты жүзеге асуына қоғамның неке құру мен ата-ана болу ұғымдарын насихаттап, жастарға қолдау көрсетуіне байланысты болмақ.

Қытай халқының жартысы жойылуы мүмкін

Демографиялық дағдарыс Шығыс Азияның бірқатар елінде өткір тұр. Әлемдегі ең төмен туу көрсеткіші тіркелген елдердің бірі - Оңтүстік Корея. Сарапшылар, тіпті, бұл мелекет халық санының өсу қарқыны баяу болғандықтан, жер бетінен жойылып кететін алғашқы ел болатынын айтып дабыл қаққан еді. Жапония мен Қытайда да жағдай мәз емес. Былтыр Қытайда шамамен 8 миллион нәресте дүниеге келді. Бұл 1949 жылдан кейінгі ең аз көрсеткіш. Әсіресе ер адамдар санының қысқарып жатқаны байқалады. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сүйенсек, ғасыр соңына қарай Қытай қазіргі халқының жартысынан көбінен айырылуы мүмкін. Бүгінде ел тұрғындарының саны шамамен 1,4 млрд-қа жуықтайды.

Ван Синьсян, Қытай қаржы министрлігі бюджет бөлімінің директоры:

- Қытайды жаңғырту үдерісінде халықтың әл-ауқатын арттыру басты міндеттердің бірі болып қала береді. Биыл 25 млн-нан астам сәби мен кіші жастағы балаларға күтім жасауға арналған субсидия берілді. Балабақшаларға баратын шамамен 24 млн бүлдіршін мектепке дейінгі білім беру мекемесінің соңғы жылында білім беру ақысынан босатылу арқылы мемлекеттік саясаттың игілігін көрді.

Біріккен ұлттар ұйымының халық саны жөніндегі есебінде әлемдегі әр бесінші адам өзі қалағанша бала сүйе алмайтыны айтылған. 14 елде жүргізілген сауалнамаға қатысқандар бұған ең алдымен өмір сүру құнының қымбаттауын, қолжетімді баспананың тапшылығын және лайықты серіктестің болмауын себеп көреді. Сарапшылар «Жер бетінде халық саны 2056 жылға қарай 9 млрд-қа жетіп, кейін тұрақты түрде қысқара бастайды», - дейді. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz