Ресейдің халық әртісі Лариса Долина 2024 жылы телефон алаяқтарына 317,6 млн рубль, яғни шамамен 1,7 млрд теңге беріп, Мәскеуде соңғы үш жарым жылдағы ең ірі алаяқтық құрбаны болған, деп хабарлайды 24KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Алаяқтар 2024 жылғы 2 сәуір мен 12 шілде аралығында әншіні алдап, қаражатын қылмыстық әрекеттерден қорғау қажет екеніне сендірген. Соның салдарынан Долина жинаған ақшасын алаяқтардың есепшоттарына аударып, пәтерін де сатқан.
Жалпы шығын көлемі 317,6 млн рубльді құраған. Оның ішінде 175,1 млн рубль немесе шамамен 951,9 млн теңге алаяқтардың есепшоттарына аударылған қаражат. Лариса Долина 2024 жылдың жазында алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, қылмыскерлердің ықпалымен Мәскеу орталығындағы пәтерін сатып, түскен ақшаны оларға аударған.
Кейін әнші пәтерді сату туралы мәмілені сот арқылы жарамсыз деп тануға тырысты. Іс Ресей Жоғарғы сотына дейін жетіп, 2025 жылғы желтоқсанда сот пәтерге меншік құқығын оны сатып алған Полина Лурьеге қалдырды. Сонымен қатар Долина алаяқтық ісі бойынша жәбірленуші деп танылды.
2025 жылғы қарашада сот әншінің пәтерін сатуға қатысты іс бойынша үкім шығарып, курьер мен басқа да іске қатысы бар адамдарға жаза тағайындады.
Бұл — 2023 жылдан бергі Мәскеудегі телефон алаяқтығына байланысты тіркелген ең ірі шығын. Ол кезде алаяқтарға берілген ақша көлемі 50 млн рубльден аспаған.
Алаяқтардан көп мөлшерде ақша жоғалтқандардың қатарында 2025 жылғы сәуірде 298 млн рубльден (1,6 млрд теңге) айырылған зейнеткер жұп та бар. Қылмыскерлер 76 жастағы ер адам мен оның әйелін жинаған қаражатын «қауіпсіз есепшотқа» аудару қажет деп сендірген. Нәтижесінде ер адам бір ай ішінде жинақ ақшасына алтын құймаларын сатып алып, оларды алаяқтардың курьерлеріне берген.
Үшінші орында Мәскеудегі студент қыз тұр. Ол алаяқтарға 150 млн рубльден астам (815,9 млн теңге) бағаланатын зергерлік бұйымдарын берген. Қылмыскерлер оның мемлекеттік порталдағы есептік жазбасы бұзылып, атына заңсыз әрекеттер жасалып жатқанын айтқан. Кейін өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар қызды үйдегі бағалы заттарды «декларациялау» үшін беруге көндірген.
Тегтер #Лариса Долина #алаяқтар #рекорд #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz