Арменияның бұрынғы президенті Серж Саргсянға қатысты елден шықпау туралы бұлтартпас шарасы қолданылды, деп хабарлайды 24KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты Серж Саргсянға қатысты бұлтартпас шара ретінде елден шығуға тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Бұрынғы президентке аса ірі көлемде ақша жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және аса ірі көлемде пара алу бойынша айып тағылып отыр.
Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің мәліметінше, 25 тамызда қылмыстық іс аясында ұсталған алты адамның төртеуіне қамауға алу шарасы қолданылған. Олардың арасында Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарянның ұлы Седрак Кочарян да бар. Тағы бір күдікті үйқамаққа алынған.
Седрак Кочарян екі айға қамауға алынды. Оның адвокатының айтуынша, оған тек әйелі мен балаларының келуіне рұқсат берілген. Ол Еревандағы «Ереван-Кентрон» қылмыстық-атқару мекемесіне жеткізілді.
Ал Роберт Кочарянға қатысты бұлтартпас шара оның денсаулық жағдайына байланысты кейінірек таңдалады. Бұрынғы президент екі апта бұрын жүрегіне ота жасатқан. 25 тамызда ұсталғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген.
Армения Бас прокуратурасы 25 тамызда Роберт Кочарянға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Іс бойынша оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі көлемде пара алу және ақша жылыстату айыптары тағылды. Осы іс бойынша Серж Саргсян да күдікке ілінген. Ол Роберт Кочарянның президенттігі кезінде Қорғаныс министрі қызметін атқарған.
Тегтер #Армения #Серж Саргсян #экс президент #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz