RU
Толық нұсқаға өту
фото: sana.sy

Сирия президенті 15 жылда алғаш рет Visa картасымен төлем жасады

27.08.2026, 17:48 17

Сирия президенті Ахмед аш-Шараа елде алғаш рет Visa картасымен төлем жасады. Бұл қадам елдің халықаралық қаржы жүйесіне қайта қосылу жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды, деп хабарлайды 24KZ Syrian Response-тың X желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Президент Дамасктің ескі қаласындағы дәмханалардың бірінде кофе үшін есеп айырысқанда банк картасын төлем терминалына тигізген. Төлем рәсімі Сирия Орталық банкінің төрағасы Мұхаммед Сафват Расланның қатысуымен өткен.

Сирия билігінің мәліметінше, бұған дейін елде 15 жылдан астам уақыт бойы мұндай халықаралық транзакцияларды жүргізу мүмкін болмаған.

Visa компаниясы халықаралық карта операциясын сынақтан сәтті өткізгенін растады. Тестік төлем ливандық «Франсабанк» және сириялық «Паймера» төлем операторының қатысуымен жүзеге асқан.

Халықаралық төлемдердің іске қосылуы шетел азаматтарына Сирияда банк карталарын пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл цифрлық төлемдердің дамуына және елдің әлемдік экономикаға интеграциялануына жол ашады.

Бұл өзгерістер АҚШ-тың Сирияға қатысты санкцияларды жеңілдету жөніндегі шешімдерінен кейін болып отыр. Бұған дейін Вашингтон Сирияны терроризмді демеуші мемлекеттер тізімінен шығарған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz