Әлем экономикасы жасанды интеллектіге негізделіп жатыр. Жаңа технология көп елде еңбек өнімділігін арттырды. Дубай билігі үйді роботтарға салдырған жөн деп шешкен.
Шаһарда келер жылы құлтемір құрылысшылар тұрғызған алғашқы виллалар пайдалануға беріле бастайды. Ал Түркияда роботтар өнім сапасын тексеріп, ақауды анықтап, жабдықтың істен шығуын алдын ала болжайды. Ел билігі тақауда жасанды интеллект бойынша іс-қимыл жоспарын бекітті. Соған сәйкес озық технологияны меңгерген 100 мың кәсіби маман даярлау көзделген.
Дубайда халықаралық «EХРО» көрмесі өткен алаң араға жылдар салып, жаңа кейіпке енді. Қазір бұл аумақ баламалы қуат көзін тұтынатын заманауи қалашыққа айналған. Мұнда негізінен электрлі көлік жүріп, дәмханаларда робот даяшы қызмет көрсетеді. Ал жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарында жұмысшы саны сирек. Әңгіме құрыш қолды роботтар жайында. Ел үкіметінің жоспарына сәйкес, келер жылы тап осы қалашықта іргесін де, кірпішін де құлтемір қалайтын жеке виллалар пайда болады. Мамандар тек сырттай қадағалап, автоматты механизмге бағыт береді. Қалған шаруа толықтай роботқа жүктеледі. Әмірліктер құрылысқа арнайы байқау жариялап, үздік жобаны анықтауға кірісті. Демек Дубайдағы көк тіреген ғимараттарды енді адамдар емес, роботтар да тұрғызуы мүмкін.
Рашид Әл Моһтади, Абу Даби AI Технологиялық компаниясының департамент басшысы:
- Біз әлемдегі озық технологиялық жобаларды бір жерге топтастырғымыз келеді. Түрлі мемлекетпен осы мақсатта ынтымақтастық орнаттық. Инновациялар құрылыс қана емес, экономиканың барлық саласын қамтиды. AI және роботтарды қазірдің өзінде белсенді қолданып жүрміз. Сіз тамашалап отырған көрме соның айқын көрінісі.
Жоба футуристік тұрғыда теңдессіз көрінгенімен, кем-кетіксіз болады дегенге сену қиын. Өйткені АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда роботты құрылыс жүйелері әлі сынақтан өтіп жатыр.
Осыны ескерген әмірлік технологиялық компанияларды қосымша ынталандыруға дайын. Дүниежүзі ғалымдарының басқосуында билік бұл бағыттағы инновациялық шешімдерді қолдайтынын жеткізді.
Омран Шараф, БАӘ Сыртқы істер министрінің Ғылым және технология жөніндегі кеңесшісі:
- Біз ғылым мен технологияны қолдамасақ, бүгінгідей биікке жетпес едік. Қазір Араб Әмірліктерінің тәжірибесі әлем назарында. Біздің аймақ шөл дала. Климат қатал. Одан бөлек, Таяу Шығыста саяси және экономикалық ахуал пышақтың жүзіндей өткір. Осының бәрін ескеріп, технология тұрғысынан әлемдік державалардан қалыс қалмау керек деп шештік. Осы артықшылық арқылы Араб әмірліктері жаһан жұртының назарын өзіне аударта бермек.
Мамандар робот арқылы құрылыс мерзімін қысқартып, адам өміріне төнетін қауіті азайтпақ. Өндіріс шығынын төмендету де - негізгі міндет. Әдетте Дубай ірі жобаларға сырттан көп жұмыс күшін тартады. Автоматты жүйеге негізделген алғашқы тұрғын үй құрылысы сәтті аяқталса, тәжірибе саладағы компанияларға міндеттеле бастайды. Айта кетейік, Араб әмірліктерінде жасанды интеллектімен кешенді түрде айналысатын министрлік пен университет бар. Мемлекеттік деңгейде көптеген стратегиялық бағдарлама әзірленген. Мұндай ұстаным Түркияның қазіргі экономикалық даму моделімен де ұқсас.
Жасанды интеллект сапаны бақылайды
Түркияда да жасанды интеллект енді болашақтың технологиясы емес. Ол қазірдің өзінде зауыттарға кіріп, өндіріс үдерісін өзгертіп жатыр. Роботтар өнімді құрастырып қана қоймай, ақауды анықтап, жабдықтың қашан істен шығатынын алдын ала болжайды. Қазір мұндай технологиялар көлік, тұрмыстық техника және азық-түлік салаларындағы 10-нан астам зауытта қолданылады. Жүйе сапаны бақылау кезінде адам еңбегіне тәуелділікті азайтып, тәулік бойы жұмыс істей алады. Оның ақауды анықтау дәлдігі 99 % деңгейінде.
Ерман Акыллы, сарапшы, Анкара қажы Байрам Вели университетінің профессоры:
- Түркия кейінгі 20 жылда саладағы әлеуетін арттырып, технологиялық тәуелсіздігін қалыптастыру жолында маңызды қадамдар жасады. Мұны қорғаныс өнеркәсібіндегі жетістіктерден де, өндірістік сектордағы даму қарқынынан да байқауға болады. Қазіргі жағдайда деректер орталықтары стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға айналып отыр. Осы себепті Түркия бұл бағыттағы инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр.
Кейінгі зерттеуге сәйкес, жасанды интеллектіні өндіріске ерте енгізген компанияларда өнім шығару көлемі 10-20, ал еңбек өнімділігі 7-ден 20 %-ға дейін артқан. Сәйкесінше жоспардан тыс тоқтап қалу уақыты шамамен 30, энергия тұтыну 15 %-ға қысқарған. Бұл – 200-ден астам түрік өндірушісінің тәжірибесін зерттеген MEXT орталығының бағалауы. Енді Түркия бұл бағыттағы жұмысты мемлекеттік деңгейде де күшейтіп отыр. Осы жылдың маусым айында ел билігі 2026-2030 жылдарға арналған жасанды интеллект жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Соған сәйкес, алдағы екі жылда Түркияның 81 провинциясында 5 млн адамға жасанды интеллект бойынша білім беру, 100 мың кәсіби маман даярлау көзделген. Ал 2030 жылға қарай елдегі деректер орталығының қуатын кемі 1 гигаватқа жеткізу жоспарланып отыр.
Ерман Акыллы, сарапшы, Анкара қажы Байрам Вели университетінің профессоры:
- Түркия алғашқы Ұлттық жасанды интеллект стратегиясын осыдан 5 жыл бұрын қабылдаған еді. Соған сәйкес, ел билігі жасанды желі бойынша білім беруге басымдық берді. Біріншіден, жоғары оқу орындарында осы салаға қатысты мамандықтар ашыла бастады. Екіншіден, технологиялық факультеттер мен кәсіптік білім беру жүйесі дамып келеді. Үшіншіден, халықтың технологиялық сауаттылығын арттыруды көздейтін ауқымды оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Түркия билігі алдағы бес жылда технологиялық сауаттылықты арттырып, жасанды желіні күнделікті өмір мен өндірістің де ажырамас бөлігіне айналдырмақ. Осылайша, ақылды жүйе арқылы экономикалық өсімді арттырып, технологиялық тәуелсіздігін күшейтуді көздеп отыр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экономика #роботтар #құрылыс #Дубай #ТүркияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz