RU
Толық нұсқаға өту

Еуроодақта электронды сауда ережесі өзгерді

28.08.2026, 20:00 103

Еуропада трансшекаралық электронды сауда ережелері өзгерді.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Еуроодақ құрамына кірмейтін елдерден жеткізілетін арзан тауарларға уақытша кедендік баж енгізілді. Жаңа шара алғашқы айдың өзінде Бельгия қазынасына ондаған миллион еуро әкелді, кедендік декларациялар саны айтарлықтай кеміді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- Арзан тауар, тегін жеткізу және бір ғана батырманы басып тапсырыс беру. Шетелдік интернет-платформалар осынысымен тартымды. Бірақ талап өзгерді. Бұдан былай құны 150 еуродан төмен болатын заттар Еуроодаққа кедендік бажсыз кіргізілмейді. Әр тауарға 3 еуро үстемеақы қосылады. Ережелердің қатаңдатылуына электрондық сауданың қарқынды өсуі себеп болды. 

2025 жылы Еуроодаққа шамамен 5,9 миллиард арзан тауар жеткізілген. Әр он заттың тоғызы Қытайдан келген. Әсіресе Бельгияға тасымалданған жүк көлемі жоғары. Льеж әуежайында 1,3 миллиардқа жуық кедендік декларация рәсімделіпті. Жаңа ережелер енгізілгеннен кейін олардың саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 35 пайызға азайып отыр. Алғашқы айда баж салығы Бельгия қазынасына 42 жарым миллион еуро кіріс әкелді.

ЦИТАТА:

Кристиан Вандерварен, Бельгияның Кеден және акциздер басқармасының басшысы:

- Бұл кіріс әрине құптарлық. Бірақ әзірге оның көлемін қомақты деп айтуға келмейді. Болашақта пайдасы оның көл-көсір болады деп ойлаймыз. Әдетте жаз мезгілі тыныш өтеді. Бірақ алда мерекелік жаппай сатылым науқандары бар.

Декларациялар азайғанымен еуропалықтардың сатып алу белсенділігі төмендеген жоқ. Платформалар тауарларды біріктіріп, Еуроодақтағы қоймаларға алдын ала жөнелте бастады. Тауар сатып алушыға ұйым аумағынан жеткізілгендіктен үш еуролық баж алынбайды. Уақытша мөлшерлеме 2028 жылдың шілдесіне дейін күшінде болады. Одан кейін Еуроодақтың бірыңғай кедендік деректер платформасы іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ бүкіл жауапкершілік сатушыларға, импорттаушыларға және интернет-платформаларға жүктелмек.

Дирк Готинк, Еуропарламент депутаты, ЕО Кеден кодексі реформасының баяндамашысы:

- Реформаның басты талабы жауапкершілікті тұтынушыға емес, импорттаушыға жүктеу. Тауар Еуропаға әкелінбей тұрып, импорттаушы тауар туралы толық мәлімет беруге міндеттеледі. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Жаңа ережелер трансшекаралық электрондық саудаға тыйым салмайды. Мақсат — еуропалық және шетелдік сатушыларға бірдей жағдай жасау, кедендік төлемдердің төленуін қамтамасыз ету және тауар қауіпсіздігін бақылауды күшейту. Сатып алушылардың таңдау мүмкіндігі сақталады. Бірақ сатушылар қосымша шығынның бір бөлігін тауар немесе жеткізу құнына қосуы мүмкін. Сондықтан арзан сауда дәуренінің келмеске кетуі бек мүмкін. 

Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz