Араб Әмірліктері Ормуз бұғазына қосымша әскер
шоғырландыруы мүмкін. Ресми Абу Даби осы арқылы құны миллиондаған доллар болатын мұнай танкерлерін қорғауды көздейді. Халықаралық құқық саласының мамандары бұған еш шектеу қойып жатқан жоқ. Керісінше шикізат тасушы кемелерге қару-жарақ орнатып, зымыран және дрон соққыларына төтеп беру керегін ескертіп отыр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб әмірліктері мұнай танкерлеріне жаппай қару-жарақ орнатып, бұғазға қосымша күш шоғырландыруы мүмкін. Ел билігі шикізат тасушы кемелерге жасалған соққы жиілегеннен кейін осы жоспарды ойластырып жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда Әмірлік Иран әскерінің әрекетін еш жауапсыз қалдырмауға бекінген. Заңгер, халықаралық құқық саласының маманы Хабиб Әл Мулла «егемен ел ретінде мұндай қадамға баруға құқылымыз, қажет болса, кемелерді ауыр әскери құрылғылармен жабдықтау керек» дейді.
Хабиб әл Мулла Заңгер, халықаралық құқық саласының маманы:
- Біріккен Араб Әмірліктерінің туы белгіленген кемеге жасалған шабуылды тойтару халықаралық құқықта заңды әрекет саналады. Бұл жерде тек қажеттілік және пропорционалдық қағидатын ескеру керек. Заңгер ретінде тіпті танкерлерде арнайы қару-жарақ алып жүруге де рұқсат бар дер едім. Бастысы, халықаралық қауымдастықпен үйлесімді жұмыс жасалуы шарт.
Бұл пікірді жалғыз әл Мулла емес, басқа да заңгерлер құптайды. Өйткені Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнай тасымалы қауіпсіз жолға түскен жоқ. Миллиондаған доллар тұратын су көліктеріне едәуір зиян келді. Ормуз бұғазында әр мемлекет өз бетінше әрекет етуге көшті. Айталық, Иран мен Оман өткелден өтетін кемелерден бірлесіп ақы алудан еш тартынбай отыр. Абу Даби бұған үзілді-кесілді қарсы.
ЦИТАТА:
Анвар бин Мохаммед Гаргаш БАӘ президентінің дипломатиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі
«ADNOC танкерлеріне жасалған шабуылдар әмірліктің байыпты әрі салмақты саясатынан бас тартуына себеп болмайды. Ол әскери іс-қимылды тежеу, дипломатия және халықаралық құқық талаптарын сақтауға негізделген. Біз Ормуз бұғазындағы еркін навигация және оны ақы төлемей пайдалану құқығымызды қорғаймыз. Сонымен қатар егемендігіміз бен мақсат-мүдделерімізге басымдық береміз».
Обаид Әли Әл Зааби, халықаралық қатынастар саласы бойынша сарапшы:
- Әмірліктердің өз кемелеріне әскер орналастыруы жақсы белгі емес. Кейін барлық мемлекет сондай жоспарға жүгініп, әлемдік сауда-саттықты тұралатып тастауы ғажап емес. Тек Ормуз емес, Баб-эль- Мандеб бұғазында кемелер жаппай қаруланып кетсе қайтпекпіз?! Иран тап осы қорғанысты бұзуға ұмтылары анық. Салдарынан мұнайдан да, тұрақтылықтан да айырылып қалу қаупі бар.
Мамандардың пікірінше, танкерлерді арнайы қарумен жабдықтау қазір болмаса да кейін жүзеге асатын бастама. Бірақ тұрақтылыққа ұзақ мерзімді кепілдік бере ме, жоқ па белгісіз. Сондықтан дрон шабуылдарынан қорғанудың әзірге басқа амалын қарастырған жөн. Иран болса, шығанақ елдерімен су жолына қатысты жеке-жеке келіссөз жүргізуді бастап кетті. Тегеранда бұл күндері Катар делегациясы жүр.
Рауан Мыңбай
Тегтер #Ормуз бұғазы #әмірліктер #танкер #Иранмен соғыс #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz