RU
Толық нұсқаға өту

Кандерштег ауылына қауіп төніп тұр

31.08.2026, 09:42 37

Кандерштег ауылының тұрғындары жанын шүберекке түйіп отыр. Өйткені кез келген уақта сел жүруі мүмкін. 

Швейцариядғы бұл елді мекенде бір жарым мың адам тұрады. Былтыр іргедегі Блаттен ауылы жермен-жексен болған. Кандерштаг тұрғындары да сол жағдай қайталана ма деп қауіптенеді. Ал ғалымдар климаттың өзгерісінен болашақта тау халқы мүлде жоғалуы ықтимал деп ескертеді. 

Кандерштег – Швейцарияның табиғаты сұлу аймағының бірі. Бұл елді-мекенді биік, әрі сүйірленген тау шыңдары, мұздықтар, жасыл алқаптар мен жайылымдар қоршап тұр. Бірақ бүгінде осы әдемі көріністің артында үлкен қауіп бар. Климаттың өзгеруінен мұздықтар жылжып, мәңгі тоң тез еріп жатыр. Осының салдарынан таудың бір бөлігі бос тұр. Енді кез келген сәтте опырылып түсуі мүмкін. 

Маркус Штоффель, Женева университетінің профессоры:

- Мұздықтар мен мәңгі тоң табиғатта цементтің қызметін атқарады. Мұның еруінен тау жыныстары мен тастардың бір-бірімен байланысы әлсірейді. Ал бұл тау немесе лай көшкініне әкелуі мүмкін. 

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Алайда тау көшсе, бүтін бір елді-мекенді 20 млн текше метр лай мен тас басып қалуы мүмкін. Ауыл халқы әзірге көшірілген жоқ. «Құтқарушылар төтенше жағдайға сақадай сай отырмыз», - дейді. Тұрғындарға ескерту парақшалары таратылды.   

Брижитте Юни, жергілікті тұрғын:

- Қауіп бар екенін түсінеміз. Алайда қорқынышқа бой алдыруға болмайды. Биліктегілер тиісті шараларды қабылдады. Алайда апат айтып келмейді. Бәрі тосыннан басталуы мүмкін. 

Швейцария Ғылым академиясының мәліметі бойынша, 2022 мен 2023 жылдары елде мұздықтардың 10 пайызы еріді. Бұған климаттың өзгеруі себеп. 11 жыл бұрын әлемнің 195 елі Жер бетіндегі орташа температураны 2 градустан артық көтерілуіне жол бермеуге келісті. Алайда қазір ауаға тарап жатқан зиянды газдардың мөлшері жыл сайын 20 пайызға артып келеді. 

Сара Перкинс-Киркпатрик, Австралия ұлттық университетінің климатологы:

- Адамзат ауаны ластауды бір күнде тоқтатты делік. Алайда бұдан климат бірден қалпына келмейді. Өйткені осы күнге дейін атмосферада жиналған көмірқышқыл газы жоғалуы үшін жүздеген жыл қажет. Біз болсақ, нөлдік деңгейге 2050 жылы қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Ғалымдар егер дер кезінде тиісті шаралар қолға алынып, батыл қадамдар жасалмаса, тек Швейцария ауылын ғана емес, бүкіл адамзат баласын үлкен апат күтіп тұрғанын ескертеді. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz