АҚШ-тың Аризона штатындағы Үлкен шатқалдың шалғай бөлігін кенеттен су басып, бір адам қаза тапты. Құтқарушылар 15 туристі іздестіріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ NBC News ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Билік Аризона штатындағы Норт-Кайбаб соқпағында қиын жағдайда қалған саяхатшыларды, сондай-ақ Брайт-Энджел-Крик өзенінің бойында, Фантом ранчосы мен Брайт-Энджел кемпингінде болған туристерді іздеуде.
Ұлттық парк қызметінің мәліметінше, Колорадо өзеніндегі Кристал-Рапидс маңынан 46 жастағы ер адамның денесі табылған. Қазір 15 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Жексенбі күні Фантом ранчосы мен Норт-Кайбаб соқпағының төменгі бөлігінен 62 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Парк әкімшілігінің хабарлауынша, Брайт-Энджел-Крик бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер қираған. Соның салдарынан туристер өзеннен өте алмай қалған. Сондай-ақ келтірілген шығынды бағалау үшін Колорадо өзені арқылы өтетін кейбір өткелдер уақытша жабылды.
Өзенде ағып келген қоқыстар мен сынықтардың қайықтарға соғылу қаупіне байланысты Колорадо өзеніндегі кеме қозғалысы да тоқтатылды.
Үлкен шатқал 1922 жылы ұлттық парк мәртебесін алғаннан бері туристер арасында танымал бағыттардың бірі болып келеді.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #АҚШ #Аризона штаты #су тасқыныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz