Биыл Ливанда 100 мың оқушы сабаққа бара алмайды. Өйткені мектептерді босқындар паналап жатыр. Ал жаңа оқу жылы 15 қыркүйекте басталуға тиіс.
Жалпы елде Израиль шабуылынан 45 мектеп қираған. Білім беруге мүлдем жарамайды. 300-іне жөндеу қажет.
11 жастағы Фатима Хашаб ата-анасымен Тир қаласындағы мына мектепті бірнеше айдан бері паналап жүр. Жеке бөлмесі былай тұрсын, ғимараттың бір бұрышынан жататын орын табылғанына қуанады. Өйткені еш жерден пана таппағандар көшеге шатыр тігіп, далада түнеуге мәжбүр.
Фатима Хашаб, 11 жаста:
- Ауылдағы үйімізге оралғым келеді. Ойыншықтарымды, мектептегі достарымды сағындым. Сөмкемді асынып, сабаққа баратын кездерімді сағындым.
Қазір бұл мектепті 200 отбасы паналайды. Биыл Ливан ең күрделі ішкі миграциялық дағдарысқа ұшырады. Кейінгі дерек бойынша 350 мың адам үйлерін тастап, солтүстікке қашқан. Ал көшіп-қонып жүрген бала қайдан білім алсын?! «Амалын тауып, жаңа оқу жылын кешіктірмей бастау керек», - дейді халықаралық ұйымдар.
Нора Ингдал, Save the Children ұйымының Ливандағы директоры:
- 100 мың бала оқуын жалғастыра алмаса, болашағына әсер етеді. Бұл балалар еңбегін қанау, некеге ерте шығу және зорлық-зомбылықтың артуына әкеледі. Мектеп – тек білім беретін орын емес. Бұл – баланың тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін орта.
Save the Children ұйымының мәліметіне қарағанда Ливанның оңтүстігінде 45 мектеп түгелдей қирады. Тағы 300 білім беру мекемесін жөндеу қажет.
Ранда әл-Таки, босқын:
- Ливанның оңтүстігіндегі Әл-Мансұр ауылының тұрғынымын. Неше айдан бері үйімізге орала алмай жүрміз. Израильдің бұл аймақтан әскерін шығаратын түрі көрінбейді. Балаларымыз бұрынғыдай мектепке барып, оқуын жалғастырса деп қана тілейміз.
Бейрут билігі мектепті паналап отырған отбасыларды арнайы орталықтарға көшіріп, жаңа оқу жылын уақытылы бастауға уәде етті. Алайда Ливанда кейінгі жылдары экономикалық дағдарыс, пандемия, екі бірдей соғыс білім саласын титықтатып тастағаны белгілі. «Мұның салдарынан жеткіншіктер бірнеше жылдан бері дұрыс оқи алмай, жоғалған ұрпаққа айналып барады», - дейді сарапшылар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #хабар24 #Ливан #сабақ #мектепPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz