RU
Толық нұсқаға өту

Қытай Парсы шығанағынан мұнай сатып алуды азайтты

02.09.2026, 08:39 38

Мұнай бағасы бірде олай, бірде бұлай, апта сайын құбылып тұр.

Бұған дейін бағаны ОПЕК+ реттейтін. Енді өзге де беделді халықаралық ұйымдар тәрізді бұл альянстың да қадірі қашып барады. 

Қазір тек Қытайдың сұранысты азайтуы ғана нарықты қалыпты ұстап тұр дейді сарапшылар. Ал ең ірі мұнай өндіруші ел Венесуэла ОПЕК құрамынан шықпақ. Бұған не себеп? Каракас пен Вашингтонның нендей жоспары бар? 

ОПЕК+ мұнай нарығындағы ықпалын жоғалтты

ОПЕК+ жаһандық мұнай нарығында өз ықпалын жоғалта бастады. Ұйым бұдан 2 ай бұрын әлемдік өндірістің шамамен 40%-ын қамтамасыз етті. Ал АҚШ пен Иран арасы ушықпай тұрып, көрсеткіш 48%-дан асатын. Мамыр айында Біріккен Араб Әмірліктері ұйымнан шыққаннан кейін ОПЕК+ әлемдік өндірістегі үлесінің шамамен 4–5 пайыздық үлесінен айырылды. Қазір Сауд Арабиясы мен Ресейді қоса алғанда, 7 жетекші ел өндірістің небәрі төрттен бірін қамтамасыз етеді. Әрі бұрынғыдай мұнай бағасын өзгерту үшін жеткізу көлемін тез арада арттырып немесе қысқарта алмайды. Наурыз айынан бері өндірісті арттыру туралы 6 рет мәлімдеме жасалды. Ал сәуірде өндіріс көлемі тәулігіне 10 миллион баррельге дейін төмендеді. Өйткені Ормуздағы жағдай ушығып кетті. Әрі Парсы шығанағындағы елдердің энергетикалық инфрақұрылымына зиян келді. 

ОПЕК-тің ықпалы 1970 жылдардағы мұнай дағдарысы кезінде күшті еді. Сол кезде ұйым әлемдік мұнай өндірісінің тең жартысын бақылауда ұстады. Алайда 1980 жылдардың ортасына қарай Солтүстік теңіз, Аляска және Сібірде мұнай өндірісінің артуына байланысты өндіріс көлемі 30%-ға дейін азайды. Сөйтіп 2016 жылы ОПЕК+ құрылып, нарықтағы беделін қайта күшейте бастаған еді. Енді Таяу Шығыстағы қақтығыс жеткізілімдер мен мұнай бағасын бақылу мүмкіндігін қайта бәсеңдетіп отыр. Бұрын инвесторлар ОПЕК+ тің шешіміне мән беретін. Енді нарықтағы жағдай өзгеріп жатқандықтан, іс жүзінде қай ел қанша баррель мұнай өндіреді және оны экопртқа шығару мүмкіндігі бар ма, жоқ па осыған көбірек қарайды.

Мұнай нарығында Қытайдың ролі күшейді

Биыл Қытай Парсы шығанағынан мұнай импорттауды едәуір азайтты. Бұл мұнай бағасына тікелей әсер етті. Соғыс басталғалы бері Қытай былтырғыға қарағанда шамамен 400 миллион баррельге аз мұнай сатып алды. Бұл теңіз тасымалындағы іркілістің орнын толтыруға септесті. Дағдарыс салдарынан жоғалған жеткізілім көлемінің 16%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін қамтамасыз етті. Сөйтіп Қытайдың әлемдік мұнай нарығындағы тепе-теңдікті сақтаудағы рөлі артты. Осыған дейін бұл ОПЕК+ ке тән болатын. Қытай тарапынан мұнайға деген сұраныстың төмендеуі бағаның қымбаттауына белгілі бір шек қойды. Енді нарық ОПЕК+ мәлімдемелеріне қарағанда, Қытайдың шешімдеріне көбірек назар аударады. Егер Бейжің мұнай сатып алуды арттырса, бұл әлемдік сұранысты күшейтіп, мұнай бағасының өсуіне ықпал етеді.

Венесуэла мұнай өндірісін арттыруы мүмкін

Мұнай нарығындағы өзгеріс мұнымен шектелмейді. Қытай сұранысты тежеп отырса, Венесуэла нарыққа қосымша мұнай ұсынуы мүмкін. Бұл әрине АҚШ-тың қолдауының арқасы. Вашингтон мен Каракас арасындағы жаңа келісім 17 кен орны мен 65 млрд баррель мұнай қорын қамтиды. Мақсат - өндірісті тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін арттыру. Бірақ бұл мұнай нарыққа бірден шықпайды. Венесуэланың ауыр мұнайын өндіру үшін инфрақұрылымға қомақты қаржы сосын уақыт қажет. АҚШ Венесуэладағы өндірісті ұлғайтуға жағдай жасаса, әлемдік нарыққа қосымша мұнай шығуы мүмкін. Бұл ОПЕК+тің ықпалын одан әрі әлсіретеді. Венесуэла үшін де бұл маңызды. Ел мұнай өндірісін арттырып, экспорт көлемін көбейтер еді. Ал АҚШ үшін Венесуэла мұнайы әлемдік нарықтағы жеткізілім көздерін әртараптандырудың бір тетігіне айналуы мүмкін. 

ЦИТАТА:

Кейінгі бірнеше айда Венесуэлада өндірілетін мұнайдың шамамен жартысы, яғни тәулігіне 500 мың баррельден астамы АҚШ-қа жеткізіліп жатыр. Шикізат ауыр мұнайды өңдей алатын зауыттарға жөнелтіледі. Ал АҚШ-тан Венесуэлаға тәулігіне 100 мың баррельден астам нафта тасымалданады. Ол өндірісті арттыру үшін ауыр мұнаймен араластырылады. Бұл екі тарапқа да тиімді. Себебі мұндай саудадан қос ел де пайда көріп отыр.

Кайл Хауствейт, АҚШ Энергетика министрінің орынбасары:

- Сондықтан алдағы уақытта мұнай бағасын тек ОПЕК+ шешімдері емес, Қытайдың қанша мұнай сатып алатыны және Венесуэланың қанша мұнай өндіре алатыны да анықтайтын болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz