RU
Толық нұсқаға өту

Қытай - Еуропа арасы 3 есе қысқарды

04.09.2026, 07:10 58

Қазақстан Батыс пен Шығысты жақындатты. Біздің ел мен Әзербайжан және Грузия теміржол желісі бір жүйеге бірікті. Бұл жүйе Қытайдан Еуропаға жол тартқан жүкті онлайн бақылап, кедендік рәсімдерді цифрлық форматта рәсімдейді. Енді жүк екі арада қырық күн емес, 15 күн жүреді. Яғни жол 3 есеге жуық қысқарды. 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Кейінгі жылдары жаһандық экономикада Қазақстанның салмағы артып, ролі күшейді. Қазір алпауыт компаниялар біздің елде өндіріс ашуға ниетті. Бұл – көпвекторлы саясаттың жемісі, әрине.

Ресми Астана алыспен де, жақынмен де тату, сәлемі түзу. Оның үстіне Еуразияның кіндігінде жатқанымыз тағы бар. Сөйтіп, әлемдік логистикада басты ойыншының біріне айналдық

Жіліктеп айтайық. Еуропада  Ресейден бөлек 600 млн адам тұрады. Ал Жерорта теңізінің жағасында жатқан араб елдеріндегі халық саны 400 млн-ның шамасында. Яғни теңіздің төңірегі – алып нарық алаңы. Ал әлемнің негізгі фабрикасына айналған Қытай шығыста жатыр. Жер жүзіндегі екінші экономика атанған көршіміз өндірген өнімін осы нарыққа жеткізуді көздейді. Бұрын Қытай батысқа Ресей, Украина және Шығыс Еуропа арқылы шығатын. Немесе Иран, одан әрі Түркия жерімен барды. Алайда бұл аймақтардағы қақтығыстар салдарынан жол жабылды. Енді Бейжің құрлықтың қақ ортасындағы біз арқылы жүкті көптеп тасуға  бет бұрды. Яғни құрлықтағы жалғыз жол Транскаспий дәлізінің бәсі артты. Жалпы, осы туралы Президент қытайлық “Синхуа” агенттігіне берген сұхбатында да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз. «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді.

Иә, логистика – көл-көсір пайданың көзі. Бұл тұстан қарағанда Қазақстан тоғыз жолдың торабында жатқанын айттық. Яғни шығыс пен батыс, солтүстік пен оңтүстік төте жолдың қақпасын ұстап отырған бізге кіріптар. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану. Өйткені төрт тарапқа жол салып, әр керуеннің жолкіресімен-ақ шаш-етектен табыс табуға болады. Президенттің де айтқаны осы. Қазақстан таяу жылдары алып құрылыс алаңына айналады. Қазір “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” бағыты бойынша транзиттік жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Былтыр жүк көлемі 30 млн тоннадан асты. Ал 2035 жылға қарай 100 млн тоннаға жетуге тиіс. Бұл межеге жету оңай емес. Тозған теміржолды жөндеп, мыңдаған шақырымды жаңадан тарту қажет. Кейінгі 15 жылда көлік саласына 35 млрд доллар қаржы құйылды. Алдағы 4 жылда 5 мың шақырым болат жол салынады.

Ерсұлтан Абдрахманов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті Теміржол инфрақұрылымы басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда Дарбаза – Мақтарал, Қызылжар – Мойынты және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру Орталық Азия бағытындағы өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға және Қытай бағытындағы өткізу қабілетін тағы 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобалардың аяқталу мерзімі 2026 және 2027 жылдарға жоспарланған.

Қазір елдегі теміржол саласында 10-ға жуық жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту, Қызылжар – Сексеуіл, Қандағаш – Тобыл, Ақсу 1 – Дегелең – Жаңасемей, Шалқар – Бейнеу және Әлімбет – Никельтау жобалары бар. Барлық жұмыс жыл біткенше дейін аяқталуға тиіс. Бұдан бөлек, келесі жылы тағы бірнеше өңірде теміржол құрылысы басталады.

Ерсұлтан Абдрахманов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті Теміржол инфрақұрылымы басқармасының басшысы:

- Атап айтқанда, Астана – Қарағанды бағытында үшінші жобаларды, сондай-ақ Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу жоспарлануда. Қазіргі таңда осы бағыттарды қамтитын үшжылдық жобалар әзірленіп, олардың өткізу қабілеті мен экономикалық тиімділігі Үкімет деңгейінде қарастырылуда.

Транскаспий көлік дәлізінде цифрлық жүйе енгізілді. Жаңа желі Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның теміржол желілерін онлайн-бақылауға мүмкіндік береді. Ал кедендік рәсімдер мерзімі 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. Осының арқасында Қытайдан Түркия айлақтарына жүкті жеткізу уақыты да кеміді. Яғни жүк екі арада бұрынғыдай 38 тәулік емес, 15 күн ғана жүреді.  

Авторы: Нұрқанат Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz