RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан экобастамасы БҰҰ қолдауына ие болды

04.09.2026, 14:20 42

Қазақстан ұсынған экологиялық бастама халықаралық деңгейде қолдау тапты. БҰҰ Бас Ассамблеясы 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялады. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тура бір жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында көтерген болатын. Қарарға әлемнің әр өңірінен 32 мемлекет тең автор болды. Жаңа халықаралық күн қоршаған ортаны қорғау, табиғи экожүйелерді қалпына келтіру және жасыл желекті көбейту мәселесіне жаһандық назар аударуға бағытталған. 

Жер Ананың жағдайын ойлаған Қазақстанның ұсынысы халықаралық қауымдастықтың кең қолдауына ие болды. Ресми құжатқа айналды. Жаңа халықаралық дата табиғатты қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желекті ұлғайту және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға үндейді. Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды осы бағыттағы нақты бастамаларды жүзеге асыруға шақырады. Бұл идея біздің елде қолға алынған "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен де үндеседі. 

Қайрат Омаров, ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Бүгінде халықаралық қоғамдастық бір-бірімен тығыз байланысты бірқатар экологиялық мәселеге тап болып отыр. Климаттың өзгеруі, шөлейттену, ормандардың жойылуы, су тапшылығы мен қоршаған ортаның ластануы халықтың әл-ауқатына және орнықты даму мүмкіндіктеріне барған сайын кері әсерін тигізуде. Бұл мәселелер бүкіл әлемге ортақ. Оларды шешу үшін әр елде және жергілікті жерлерде нақты әрекет қажет. Бұл тек экологиялық бастама емес қоғамның қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне салған инвестициясы.

Негізі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен стандарты бойынша, қалалардағы әрбір тұрғынға шаққанда кемінде 9 шаршы метр жасыл аймақ тиесілі болуы керек. Бірақ спутниктік және демографиялық зерттеулерге сәйкес, әлемдегі ірі қалалардың жартысынан астамы Ұйымның аталған стандартына жете алмай отыр. Халықаралық қолданбалы жүйелік талдау институтының зерттеуіне сүйенсек, кейінгі жылдары әлем бойынша қала көшелеріндегі жасыл желек көлемі жылына орташа есеппен 0,3%-дан 0,5%-ға дейін азайып келеді.

Симона Аззали, урбанистика және сәулет саласының маманы:

- Барлық жерде құрылыс жүріп жатыр. Ауа сапасы нашарлап, қоршаған орта мен табиғи тепе-теңдік бұзылған. Адамдар кері әсерін сезіп те жүр. Осы тұрғыда біз табиғатпен өзіндік үйлесім таба білуіміз керек. Оны ұмыт қалдыруға болмайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен NASA 180 елдегі 8 800-ден астам қала орталықтарын зерттей келе, қалалардың жалпы құрылыс аумағындағы ашық қоғамдық орындар мен саябақтардың үлесі әлі де өте төмен екенін анықтады. "Қалалардың жаңадан салынған аудандарында көшелер мен жасыл аймақтар жалпы аумақтың тек 20,8%-ын ғына құрайды, бұл тиімді урбанизация үшін жеткіліксіз", - дейді мамандар. Сондықтан Қазақстан ұсынып, қабылданған қарардың қабылдануы маңызы бүкіл адамзат үшін өте зор. 

Авторы: Ернат Рахметолла

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz