RU
Толық нұсқаға өту

Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан қаламгерлерінің алғашқы форумы өтіп жатыр

04.09.2026, 15:10 44

Екі елдің жазушылары мен ақындары ортақ әдеби мұраны ғана емес, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің жаңа жолдарын да талқылауда. Басқосуда бірлескен жобаларға басымдық берілді.

Ташкенттегі алғашқы форумның басты тақырыбы – Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ әдеби және рухани мұра. Басқосу Бірінші Баку түркологиялық конгресінің 100 жылдығы мен ұлы ақын, ойшыл Әлішер Науаидің туғанына 585 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Ташкенттің қазақ әдебиеті тарихында да өзіндік орны бар. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында мұнда қазақтың көрнекті қаламгерлері еңбек етіп, журналдар шығарып, баспалар ашқан. 

Ералы Тоғжанов, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі: 

- Бүгінгі іс шара жай ғана іс шара емес, керемет тарихи маңызы бар іс шара деп айтуға болады. Түрк әлемінің басы қосылғанына жүз жыл толды. Соның бүгін бір үлкен жалғасы деп айтсам артық емес. Бүгін жазушылардың бас қосуы, бұл екі елдің бас қосуы деп қарастыруға болады. 

Бүгінде бұл байланыс жаңа мазмұнмен жалғасып отыр. Қаламгерлердің басқосуы екі ел арасындағы рухани жақындықты нығайтуға да бағытталған. Өйткені әдебиет – халықтарды жақындастыратын маңызды құрал.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы:

- Ташкент қазақ үшін де өте ерекше қала. 20-шы жылдардағы қазақ әдебиетінің қалыптасуына Өзбекстанның Ташкент деген қаласы өте көмектескен. Біздің Әуезов бастаған, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлы адамдарымыз осы жерде барлық жұмысты жасады. Журналдар шығарды, баспалар ашты. 

Қатысушылар өзара аудармаларды кеңейту, ортақ антологиялар мен кітаптар шығару, жас авторларды қолдау және әдеби мұраны цифрландыру мәселелерін талқылады. Форумның қорытындысы – Ташкент декларациясы. Құжат екі ел арасындағы ұзақ мерзімді әдеби және мәдени ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындамақ. Осылайша, Ташкенттегі алғашқы басқосу ортақ мұраны сақтап, оны жаңа буынға жеткізуге бағытталған нақты жобаларға жол ашты.

Авторы: Ерлік Молдрахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz