Қытайдың Бағалы қағаздар нарығын реттеу комиссиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Ван Цзяньцзюнь 93,4 миллион юаньнан астам пара алғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ» «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.
Шаньдун провинциясы Вэйфан қаласының орта сатыдағы халық соты 7 қыркүйек күні оны пара алу қылмысы бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот анықтағандай, Ван Цзяньцзюнь 2005 жылдың бірінші жартысы мен 2019 жылдың қыркүйегі аралығында Қытайдың Бағалы қағаздар нарығын реттеу комиссиясында әр түрлі лауазымдарды атқара жүріп, өз қызметтік өкілеттігі мен байланыстарын ұйымдар мен жеке тұлғаларға жәрдемдесу үшін пайдаланған. Атап айтқанда, ол компаниялардың қор нарығына шығуына, кәсіпорындардың қаржы тартуына және қызмет көрсету келісімшарттарын алуына ықпал еткен. Осы әрекеттері үшін ол тікелей немесе басқа тұлғалар арқылы ақша мен өзге де мүлікті заңсыз қабылдаған. Параның жалпы сомасы 93,4 миллион юаньнан асқан.
Вэйфан қаласының орта сатыдағы халық соты пара сомасының ерекше ірі мөлшерде екенін және сотталушының әрекеті мемлекет пен халық мүддесіне аса үлкен зиян келтіргенін атап өтті. Сонымен қатар суд жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Ұсталғаннан кейін Ван Цзяньцзюнь өз кінәсін мойындап, тергеу органдарына әлі белгісіз болып келген пара алудың кейбір эпизодтары туралы өз еркімен хабарлаған, сондай-ақ шынайы өкінетінін білдірген.
Заңсыз алынған ақшалай қаражат пен мүліктің бір бөлігі бұған дейін тәркіленген. Сот тәркіленген параны және одан түскен кірістерді мемлекет кірісіне беру туралы қаулы етті. Қалған жетіспейтін бөлігі одан әрі өндіріліп алынады.
Тегтер #Қытай #сот #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz