RU
Толық нұсқаға өту

Пингвиндердің қорегі өзгерді

08.09.2026, 08:45 39

Адам баласы былай тұрсын, судағы тіршілік те ыстықтың зардабын тартып жатыр. Климат өзгерісі пингвиндерге де оңай тиіп жатқан жоқ. Антарктида жылынып бара жатқан соң, жануарлардың қорегі өзгерген.

Мұны ғалымдар NASA жер серіктері арқылы анықтады. Мұз еріген сайын, балықтар азайып жатыр. «Ал жеткілікті қорек таппаған пингвин балапандарының ұзақ жасауы екіталай», - дейді ғалымдар.

Адели пингвиндері – Оңтүстік мұхиттағы ең көп тараған жыртқыштың бірі. Бұлар мұхитта қоректеніп, Антарктидағы жартастарға ұя салады. Ғалымдар 80-ші жылдардан бастап, жерсеріктен түсірілген суреттер арқылы құстардың саңғырығын зерттеген. Нәтижесінде жануарлардың тамақтану рационы өзгергені анықталды. Теңіз бетінде мұз қалың қатса, Адели пингвиндері негізінен ұсақ балықтармен қоректенеді. Ал мұз жұқарса, криль, яғни, шаян тәрізділермен күн көруге мәжбүр. Криль шаяндары мұхиттардың беткі қабаттарында үйірімен жүреді. Бұларды пингвиндер ғана емес, алып мұртты киттер, итбалықтар мен теңіз құстары да қорек қылады.

Кейси Янгфлеш, Клемсон университетінің доценті:

- Шаянтәрізділердің сыртқы қаңқасы әдетте қызғылт түсті келеді. Пингвиндер оны толығымен қорыта алмайды. Сондықтан саңғырығы да қызғылт түске боялады. Осы арқылы пингвиндердің немен қоректенетінін анықтауға болады. Бұл – жануарлардың тамақтану рационын ғарыштан зерттеудің алғашқы тәжірибесі.

Пингвиндерге адам қауіп төндіріп тұр

Антарктидада мұздықтар жібіп, тез еріп жатыр. Кейінгі үш-төрт жылда, әр жыл сайын орта есеппен 135 млрд тонна мұз суға айналған. Бұл пингвиндерге қауіп. Өйткені мұз ерісе, балық та азаяды. Зерттеулерге қарағанда Адели пингвиндерінің балапандары балық жесе, салмақтары да ауыр болатыны анықталды. Балапандардың аяқтан тұрып кетуіне де сеп. Ал шаянтәрізділермен қоректенетін мекендерде пингвиндердің өсімі аз. Бірақ бұл жануарларға климат қана емес, адамзаттан да қауіп төніп тұр. «Өйткені қорек үшін бәсекелестік күшейді», - дейді мамандар.

Кейси Янгфлеш, Клемсон университетінің доценті:

- Қазір балық аулайтын кемелер шаянтәрізділерді балықтарға арналған жем мен адамдарға тағамдық қоспа ретінде пайдалану үшін көп мөлшерде аулайды. Бұл осы аймақтардағы Адели пингвиндеріне қосымша қысым. Ал Генту пингвиндері климаттың жылынуына байланысты субантарктикалық өңірлерден оңтүстікке қарай жылжып жатыр. Яғни енді осы жерлерде пингвиндерге қауіп төндіретін жыртқыштардың саны да артады.

Пингвиндердің балық аулау торларына түсіп, жарақаттанып жататын жағдайлары да жиі кездеседі. Осы себепті Чилидегі зерттеушілер құстарға арналған арнайы кеудеше жасады. Кеудеше матасының құрамында мыс пен мырыш бар. Бұл жануарлардың тез жазылып кетуіне көмектеседі. Өйткені металдар бактериялар мен кенелерден қорғайды. Қазір жоғалып бара жатқан жануарлардың бірі – Гумбольдт пингвиндері. Бұлардың 80%-ы Чилиді мекендейді. 1990-шы жылдардың аяғында олардың саны 45  000 болса, қазір 20 мыңнан аспайды.

Томас Пино Дамке, Гумбольдт табиғатты қорғау орталығының дәрігері:

- Мыс кеудешесі жарақаттың тез жазылуына ықпал етеді. Әдетте ауру пингвиндер өте ауыр жағдайда келеді. Сондықтан оларға ота жасаймыз. Жарақатын тазалап, тігіп береміз. Бірақ жабайы жануарлар тігістерін жұлып тастап, жарасын қайта зақымдауы мүмкін. Бұл біз үшін үлкен мәселе еді.

Мұхитта оттегі азайып барады

Мұхиттан жылы леп есетіні белгілі. Енді бұл леп одан әрі жыли түседі. Өйткені мұхиттар бұрынғысынан да ыси бастаған. барады. Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы Цельсий бойынша 21,1 градусқа жетті. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Осының салдарынан мұхиттарда оттегі азайып жатыр. Әсіресе Жерорта теңізі мен Тынық мұхиты қалыптан тыс жылыған. «Бұдан су түбіндегі кейбір тіршілік иелері жаппай қырылып, жаңа популяциялар қалыптасуы мүмкін», - дейді ғалымдар. Салдарынан экожүйе тепе-теңдігі бұзылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл Эль-Ниньо құбылысының салдары. Әдетте Дүниежүзілік мұхиттағы ең жоғары температура Оңтүстік жарты шарда жаз аяқталғаннан кейін, наурыз-сәуір айларында байқалады. Ал биыл теңіз суының температурасы күн сайын дерлік жаңа рекорд орнатып келеді. Мамандар мұны «бүкіл Дүниежүзілік мұхитта жылудың тұрақты сақталып отырғанының белгісі» дейді.

Саманта Берджесс, Copernicus климаттық қызметінің жетекшісі:

- Мұхиттың жылынуы – алаңдауға үлкен себеп. Кораллдар мен басқа да теңіз ағзалары жоғары температураның әсерінен орасан күйзеліске ұшырайды. Ал жылы суда оттегі мен қоректік заттардың жетіспеуі балықтардың қырылуына және қауіпті балдырлардың шамадан тыс көбеюіне әкеледі. Бұған қоса, бұл адамдардың өміріне де тікелей әсер етеді. Мысалы, биылғы жазда Еуропада мұхиттың қатты жылынуы аптап ыстықтың күшеюіне ықпал етті. Өйткені теңізден соғатын самал бұрынғыдай түнгі салқындықты әкелмейді.

Индустриялық дәуір басталғалы бері мұхит парниктік газдар шығарындыларының әсерінен пайда болған артық жылудың 90%-дан астамын сіңірді. Парниктік газдар шығарындылары қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, ғасыр соңына қарай мұхиттың беткі қабаттарындағы оттегінің азаю қарқыны үш есе артуы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz