RU
Толық нұсқаға өту

Электрлі ұшақ қолданысқа беріледі 

09.09.2026, 09:50 51

Ұшақтар тақауда керосин құймайды, тоқ арқылы ұша алатын болады. АҚШ-та ең үлкен электр ұшақ алғаш рет әуеге көтерілді. 

Қазір әлем бойынша 23 мың ірі коммерциялық ұшақ жылына 350 миллиард литр әуе отынын тұтынады. Бұл ауаға тарайтын зиянды шығарындының шамамен 3 пайызы. Экологияға аспаннан да қатер төнгенін осыдан-ақ байқай беріңіз. Қазір біраз ел қазба отынды қойып, экологиялық таза өнімге ұмтылып жатыр. Мұның қажеттігін Иран соғысы тіптен ұқтырды. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Сарапшылар жаһан мұнайдан бас тартса, қарыз-құрыз одан әрі көбейіп, миграция мен қақтығыстар белең алатынын айтады.

Тақауда АҚШ-та әлемдегі ең үлкен электр ұшақ биікке көтерілді. X1 деп аталатын әуе техникасы 27 минут бойы ұшты. Ұзындығы шамамен 23 метр. Салмағы – 11 тонна. Ұшу барысында 300 метрден аса биіктікке дейін көтерілді. Ұшақ толығымен батарея арқылы жұмыс істейді. Алғашқы сынақта жұмсаған тоқ құны 5 долларға жуықтайды. Бұл бір шынаяқ кофенің құнымен тең. «Осыдан-ақ тоқпен жұмыс істейтін ұшақтардың қаншалықты тиімді екенін аңғаруға болады», - дейді мамандар. Нәтижесінде әуе компаниялары мұнай нарығына тәуелді болмайды әрі экологияға да зияны едәуір азаяды.

Андерс Форслунд, Heart Aerospace компаниясының бас директоры:

- Электрлі коммерциялық ұшақтар әуе тасымалдарының экономикасын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Нәтижесінде жолаушылар үшін ұшу бағасы арзандайды. Лайнерлердің тоққа ауысуы жақын маңдағы әуежайларға қолжетімді, жиі әрі экологиялық таза рейстерді қамтамасыз етеді.

Х1 әзірге тек сынақтан өтті. Оның негізінде алдағы уақытта ES-30 өңірлік ұшағы әзірленеді. Қолданысқа 2031 жылы беріледі деп жоспарланып отыр. 30 орынға шақталған ұшақ 200 шақырымға дейін электр энергиясы арқылы, ал 800 шақырымға дейін гибридті режимде ұшады. Компания өкілдерінің болжамына сәйкес электрлі ұшақтарды күтіп ұстау шығындары дәстүрлі әуе көліктерімен салыстырғанда шамамен 40 пайызға азаяды.

 

Өсімдік майынан әуе отыны өндіріледі

 

Дегенмен 4000 шақырымнан астам қашықтыққа ұшу үшін сұйық отынға, әзірге балама жоқ. Өйткені жоғары энергетикалық тығыздықты қамтамасыз етеді. Қазір жаңа айттық, мемлекеттер экологиялық таза отын түрлеріне көшіп жатыр. Әсіресе Еуропада сұраныс жоғары. Бұған былтыр ЕуроОдақ пен Ұлыбританияда күшіне енген талаптар ықпал етті. Ережелерге сәйкес, отын құрамында 2% тұрақты авиациялық отын болуы тиіс. Биыл Ұлыбританияда бұл міндеттеме 3,6%-ға дейін ұлғаяды. Алайда дәстүрлі отыннан екі-үш есе қымбат болғандықтан, өзге өңірлер мұны енгізуге асықпайды. Ал тақауда Қытайдың Хэнань провинциясында мамандар өсімдік майынан авиаотын өндіре бастады. Жаңа технология мейрамханалардан шығатын май қалдықтарынан экологиялық таза отын өндіруге мүмкіндік береді. Пайдаланылған май арнайы герметикалық ыдыстарға жиналып, қайта өңдеу станцияларына жеткізіледі.

Ху Жуй, Henan Junheng Industrial компаниясының операциялық директоры:

- Биологиялық шикізаттан жасалған авиа керосиннің бағасы шілде айында шамамен 2 500 долларға дейін өсті. Алты айда 10 пайыздан астам қымбаттаған. Ал біздің экспорт көлеміміз өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға артты. Тапсырыстар 2027 жылға дейін рәсімделіп қойған.

 

Әлем мұнайдан бас тарта ала ма?

 

Осы тұста толығымен мұнайдан бас тарта аламыз ба деген сұрақ туындайды. Бұған қатысты Еуропалық климаттық талдау орталығының сарапшылары зерттеу жүргізді. Ирандағы соғыс басталғалы бері энергия көздерін әртараптандыру қажеттігі артты. Әлемде 17 елдің мемлекеттік кірісінің 40 пайыздан астамы мұнайдан түседі. Ал Ирак пен Ливияда бұл көрсеткіш 70-90 пайызға дейін жетеді. «Бірақ 2030 жылдан бастап кіріс көлемі күрт қысқара бастайды», - дейді сарапшылар. Алжирде мұнайдан келетін табыс 87%-ға, ал Нигерияда 60%-ға төмендейді. Сондықтан мұнайдан бас тарту үдерісінде ең әуелі Нигерия, Алжир, Ангола, Иран сияқты елдерге қиын болмақ. Қара алтынға сұраныстың күрт төмендеуі мұнайды қымбатқа өндіретін мемлекеттерге тиімсіз. Мысалы, Солтүстік теңізде  кен орындары су астында орналасқан. Инфрақұрылымға қыруар қаражат қажет. Мұнайды өндіру ісі әлдеқайда күрделі. Ал қара алтынды арзанға сататын Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері, керісінше, ұтуы мүмкін.

E3G еуропалық климаттық талдау орталығының есебі

- Үкіметтер таза энергияға көшу үдерісінде жүйе сақталмаса, салдары ауыр болатынына бас ауыртқысы келмейді. Алайда таза энергияға көшуді кейінге ысыруға болмайды. Өйткені климаттық дағдарыс ушығып барады. Мәселенің алдын алу үшін мемлекеттер бірлесе жұмыс істеуге тиіс.

Кейінгі онжылдықтарда Қытай мұнайға сұранысты арттыра түскен еді. Бірақ қазір Шығыстағы көршіміздің қара алтын тұтыну көлемі азайып келеді. Бұған бір жағынан электр көліктердің көбеюі себеп. Ал ұшақтарды толығымен экологиялық таза отынға көшіру, әзірге, қиындау. Бірақ көпке созылмайтын тәрізді.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz