Климат өзгерісі ең аяғы шарапқа да зиянын тигізді. Өйткені әйгілі сусындардың дәмі өзгеріп, сапасы нашарлаған. Осы себепті Францияда шарап өндірісі айтарлықтай азаяды. Сарапшыларының болжамы осындай. Бұл елде әсіресе жүзім шаруашылығы қатты зиян шеккен.
Шампань өңірінде жағдай тіптен қиын. Мұнда жүзімнің шығымы былтырғыдан 49%-ға азайған. Яғни тең жартысы шықпай қалған. Нәзік өсімдікті күн шыдатпай бара жатқан соң, бағбандар ерте жинауға мәжбүр.
Францияның Шампань өңірі – ықылым заманнан бері шарап жасау дәстүрімен танымал аймақ. Мұнда жүзім өсіру ісі сонау Рим империясы дәуірінен бастау алады. Биыл Шампань жерінде жүзім жинау науқаны ерте басталды. Шаруалар өнім жинауға тамыз айының басында кірісіп кетті. Бұл өңір тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Мамандардың айтуына қарағанда, кейінгі жарты ғасырда жүзім жинау науқаны орта есеппен 21 күнге кейін шегінген. Бұған ең алдымен күн райының қолайсыздығы әсер еткен. Биыл наурыз айында үсік жүрді, кейін мамыр айында күн күрт ысып кетті. Аптап ыстық өсімдіктің гүлдеу кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл мәселе сондай-ақ Италия, Испания, Португалия үшін де өзекті. Мұнда да өнім жоспарланған мерзімінен бұрын жиналды.
Бенуа Велют, шаруа:
- Бала кезімде жүзімді оқу жылы басталған соң жинайтын едік. Науқан қыркүйек айының соңында басталатын. Ол кезде күн әжептәуір суып кететін. Кейін біртіндеп қыркүйектің ортасына таман, сосын басында жинайтын болдық. Ал 2000 жылдардан соң науқан уақыты тамыз айына жылжыды.
Газада жүзім алқаптары бүлінді
Еуропа ғана емес, Таяу Шығыста да жағдай мәз емес. Мәселен, Газа секторына тоқталайық. Сұрапыл соғыс жүзім алқаптарының күл-талқанын шығарды. ФАО--ның мәліметтеріне сүйенсек, Газадағы егістік жердің шамамен 87 пайызы, жылыжайлардың 81 пайызы әлі күнге дейін бүлінген күйде. Жалпы ауыл шаруашылығы саласы 1 жарым миллиард доллар көлемінде шығынға ұшырады.
Насер Абу Хизайя, фермер:
- Соғысқа дейін жүзім сабақтары жерде оралып жататын. Қазір олар құрғап қалған. Көбін танктер жермен-жексен етті. Соғысқа дейін өсіп тұрған жүзім ағаштарының 10 пайызы ғана қалды.
Францияда шарап өндірісі қысқарады
Жүзім өнімінің қысқаруы шарап өндірісіне әсер етпей қоймады. Франция – Италиядан кейін екінші ірі шарап өндіруші ел. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, биыл елде шамамен 33,9 млн гектолитр шарап өндіріледі. Яғни шамамен 4,5 млрд стандартты бөтелке. Бұл кейінгі төрт жылдағы орташа көрсеткіштен 17%-ға аз. Егер болжам расталса, бұл көрсеткіш 1957 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсуі мүмкін. Халықаралық жүзім және шарап ұйымының дерегі бұл. Жаһандық жылыну шараптың дәмі мен сапасын өзгертті. Тіпті алкоголь деңгейі артуы мүмкін. Ыстықтың әсерінен жидектің құрамында қант көбейіп, қышқыл дәм азаяды. «Ал француз шарабы үшін мұның тепе-теңдігі аса маңызды», - дейді өндірушілер.
Стефан Дефрен, шарап өндіруші:
- Біз шарапта жемістің хош иісін сақтап қалу үшін төмен температураны ұстап тұратын әдістерді қолданамыз. Қатты көмірқышқыл газы температураны төмендетуге, сондай-ақ тотығудың алдын алуға көмектеседі.
АҚШ канадалық алкогольге тыйым салды
Осы кезде Канада мен АҚШ арасындағы сауда текетіресі ушыға түсті. Дональд Трамп енді канадалық алкогольді сусындардың импортына тыйым салмақ. Ережелер 29-шы қыркүйектен бастап күшіне енеді. Бұған дейін Құрама Штаттар көршілес елден келетін жүздеген тауар түріне 50 пайыздық баж салығын жариялаған еді. Оттава бұған жауап ретінде 700-ден астам америкалық тауарға құны 20 миллиард доллар болатын салық енгізді. Дегенмен Канаданың жалпы үлесінде алкогольді өнімдердің экспортынан импорты басымырақ. «Сондықтан АҚШ-тың тыйымы жекелеген экспорттаушыларға ауыр тигенімен, жалпы салаға айтарлықтай әсер ете қоймайды», - дейді сарапшылар.
Қос мемлекет арасындағы сауда қақтығысы өршіген шақта Канада жаңа серіктестерге бет бұра бастады. Германия Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Фолькер Трайердің айтуынша, америкалық нарықтағы шектеулерге байланысты енді Еуропа өндірушілері ұтуы мүмкін. Демек шарап өндірісі саласындағы дағдарысты бастан өткеріп отырған Франция үшін де Канада нарығында өз орнын нығайтуға мүмкіндік туады.
Тегтер #жүзім #шарап #сусын #Газа #алкоголь #АҚШ #Канада #шартарапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz