RU
Толық нұсқаға өту

Индонезияда 60 млн оқушының 20%-да артық салмақ бар

11.09.2026, 07:45 49

Индонезияда мектеп жасындағы 60 млн баланың 20 пайызы артық салмақ қосқан. Себеп белгілі – оқушылар жоғары калориялы өнімдерді көп тұтынады. 

Бала екібастан тәттіге құмар, әрине. «Бірақ әрненің өз өлшемі болуға тиіс», - дейді мамандар. Олардың айтуынша, жергілікті халық ұлт саулығына үлкен қатер төніп тұрғанын түсінбейді. Бұлай жалғаса берсе, елдегі адамдардың өмір сүру ұзақтығы қысқарады.

Инта Перманта – не бары 14 жаста, ал салмағы 120 келіден асады. Толықтығынан ұялып, жасөспірім 2 жылдан бері мектепке бармай кеткен. Бұған сыныптағы әлеуметтік қысым себеп болғанын айтады. 

Инта Перманта, 14 жаста:

- Сыныптастарым қолымнан шымшитын. Ешкім дос болғысы келмейтін.

Сити Рукоя, анасы:

- Қанша тамақ жесе де тоймайды. Ол – бір әулеттің жалғыз қызы әрі жалғыз немересі. Кішкентайында жылағанына шыдай алмайтынбыз. Түн ортасында тұрып, тамақ беретінмін. Тіпті көршілеріміз де: «Инта неге жылай береді? Үйлеріңде күріш жоқ па?» деп сұрайтын. Сондықтан жыламасын деп, аузына тамақ тыға беретінмін.

Дәрігерлер жеткіншектерге дұрыс тамақтану әдеттерін ерте жастан үйрету маңызды екенін ескертеді. Индонезия әлемде халық саны бойынша 4 орында тұр. Кейінгі 20 жылда экономикасы нығайып, елде аш балалар саны 2 есе қысқарған. Алайда тамағы тоқтық семіздікке әкелді. Дәрігерлер қазір Индонезияда толық адамдардың 11 пайызы екінші типтегі қант диабетімен ауыратынын айтады.

Надия Тармизи, Индонезия Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

- Таяуда Индонезия халқының ас мәзірін арнайы зерттеп шықтық. Қайта өңделетін тағам түрлері шамадан тыс көбейген. Ал оның құрамындағы қант, тұз және май мөлшері нормадан 50 пайыз жоғары екенін анықтадық.

Қайта өңделген тағамдар – семіздіктің серігі. Былтыр Индонезия билігі тағамдарды «бағдаршам» жүйесімен таңбалау туралы заң қабылдады. Қант, тұз және май мөлшері жоғары өнімдер – қызыл,  ал табиғи, қоспасы жоқтар – жасыл түспен белгіленеді. Алайда жаңа талапты орындауға өндірушілерге 2 жыл уақыт берілді.

Йога Деваэр, Педиатр-нутрициолог:

- Біздің елдегі семіздік деңгейі АҚШ немесе Таяу Шығысқа қарағанда төмен. Бірақ өсімі көңіл көншітпейді. Кейінгі 10 жылда семіздікке шалдыққан балалар саны екі есе артты.

Жасөспірімдер арасындағы семіздік аса қауіпті. Өйткені болашақ ұрпақтың күйзеліске ұшырауына әкеледі. Кейінгі 8 айда 34 келі салмақ тастаған Инта Перманта таяуда мектепке қайта оралды. Оның ендігі арманы – арықтап, полиция қызметкері болу.

Инта Перманта, 14 жаста:

- Құқық қорғау саласында жұмыс істеп, мұқтаж жандарға көмектескім келеді. Сөйтіп мені мазақ қылып, кемсіткен адамдарға қолымнан бәрі келетінін дәлелдесем деймін.

Ал ДДСҰ семіздікпен күресті күшейтпесе, мұның медициналық қана емес, экономикалық салдары да ауыр болатынын ескертеді. Яғни денсаулық сақтау шығындары артып, еңбек өнімділігі кеміп, өлімнің көбеюіне әкеледі. «Тіпті 2030 жылға қарай жаһандық экономикаға келер шығын жыл сайын 4 трлн доллардан асуы мүмкін», - деп отыр.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz