Эквадорда ерекше велоклуб бар. Таң қаларлығы, мұндағы велошабандоздар – зағип. Олар сөйте тұра, апта сайын бас қосып, арнаулы велосипедпен серуендейді.
44 жастағы Франклин Очао велоклубтың белсенді мүшесі. «Таяуда велошеруге қатыстым. 1 мың шақырымды жүріп өтіп, Эквадордың бірнеше өңірін аралап шықтым», - дейді. Салауатты өмір салтын серік еткен велошабандоз өзге зағип жандарға үлгі болғысы келетінін айтады.
Франклин Очао, велоклуб мүшесі:
- Мен велосипедке мінген кезде өзімді «сау» адамдай сезінемін. Көпшілік бізді ақ таяқ ұстап жүргенімізді көргенде аяп, мүсіркейді. Ал мұнда мен еркін қозғаламын, бәрімен теңмін.
Инклюзивті жобаға 19 жыл бұрын Кито қаласының тұрғыны Мигель Рамос бастамашы болған. О баста 2 кісілік велосипедті балаларын алып жүруге құрастырған ол қос жанарын суалған көршісін бірге серуендеуге шақырған. Көп ұзамай бұл идеясы жүздеген адамның басын қосқан жобаға айналады.
Мигель Рамос, жоба авторы:
- Велосипедтерді балалар адасып кетпесін деп бір-біріне бекітіп тастайтынмын. Кейін бұл бастаманың осыншама адамға қуаныш сыйлап, талай зағип жанның өмірін өзгертерін кім білген?!
Химена Лосано, велоклуб мүшесі:
- Велосипедке мінгенде, барлық уайымды ұмытып, осы өмірдің рахатын сезінемін. Бұл жоба менің өміріме еркіндік пен қозғалыс сыйлады.
Қазір Эквадорда 56 мың зағип жан бар. Көбінің спортпен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай жобалар сол олқылықтың орнын толтыруға сеп болып отыр. Таяуда велоклуб мүшелері Эквадордан Мексикаға шеруге шығуға ниетті. Бірнеше айға созылатын сапарға велошабандоздар дайындықты бастап та кеткен.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz