Мұнайдың үстінде отырған мемлекет Араб Әмірліктерінде де жанармай нарқы бірде олай, бірде бұлай. Кейінгі айларда баға бірнеше рет өсті. Билік бұрын бұл саланы бюджет есебінен субсидиялап келген. Кейін тоқтатты.
Одан соң нарықта береке болмады. Баға ай сайын құбылып, кез келген уақытта жаңа тариф енгізіліп тұрады.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб жері қара алтынның ордасы екені белгілі. Әсіресе Абу-Даби мұнайға бай. Осының арқасында бір кездері шағыл һәм барқан құмға оранған дала бұл күндері көрікті мекенге айналды. Ал сол мұнайдың негізгі өнімі жанар жағармайға келсек, бағасы халықаралық биржадағы ахуалға қарай ай сайын қайта қаралып, жаңа тариф жарияланып тұрады. Яғни Үкімет жанармай құнын өз бетінше белгілемейді. Бағаға әлемдік мұнай нарығындағы өзгерістер тікелей әсер етеді. Қазір көпшілік кең тұтынатын «Special 95» маркалы бензин бұл жақта біздіңше – 450 теңге. Осыдан тура бір жарым жыл бұрын 350 теңге еді. Әрі жанармай бағасының өсуі мұнда тек шетелдіктерді қинайтын. Енді жергілікті арабтар да алаңдай бастады.
Мұхамад Гуфран, әмірлік тұрғыны:
- Бұрынғы кезбен салыстырғанда қымбат. Айталық, он шақты жыл бұрын жанармайды 1 дирхамға сатып алушы едік. Қазір ол сома екі еседен де асып кетті. Сәуірде болған жағдай әлі есімде. Баға бірден шарықтады.
Өңірде қақтығыс басталып, Ормуз бұғазы жабылған кезеңде көпшілік халықаралық нарыққа бағынған жүйенің кемшін тұстарын сезінді. Өйткені жанармай бағасы бір-ақ күнде 30 пайызға қымбаттап шыға келді. Соның ішінде жеңіл көліктер тұтынатын бензин ғана емес, дизельдің де бағасы өсті. Одан кейін жағдай оңалмады. Баға қымбат күйінде қалды. Тақауда әмірліктің жанармай құнына жауапты комитеті қыркүйек айына арналған бағаны жаңадан бекітті. Соған сәйкес «Special 95» литріне 3,69, ал дизель отыны 4,30 дирхамнан сатылып жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #араб әмірліктері #мұнай #жанармай #баға #бюджет #субсидия #нарық #бензинPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz