Шотландия, Солтүстік Ирландия және Уэльс Англиямен ат құйрығын кеседі. Мұны The Telegraph басылымы жазды. Үш автономды аймақтың басшылары Уэльс астанасы Кардиффте бас қосты. Олар ортақ декларацияға қол қойды.
Үш жақ тәуелсіздік жөніндегі референдум өткізуге ниетті. Осы талабын құжатпен де бекітті. Бірақ Лондон билігі бұған көне қоя ма?
Ұлыбританияда «саяси дағдарыс» ушықты. Шотландия мен Уэльс Англиядан бөлініп, тәуелсіз екі мемлекет құрғысы келеді. Ал Солтүстік Ирландия Ирландия Республикасының құрамына қосылуға ниетті. Сарапшылар елде «егемендік шеруі» басталуы мүмкін деп топшылайды. Өйткені үш автономды аймақта дербестікті қолдайтын партиялар билікке келді. Олар: «Лондонның экономикалық саясаты біздің мүддемізді мүлде ескермейді» деп отыр. Ал Шотландияның бірінші министрі Джон Суинни: «Қазіргі Үкімет басшысы Энди Бернэмнің аты тарихта Ұлыбританияның соңғы премьер-министрі ретінде қалады», - деп мәлімдеді.
Джон Суинни, Шотландияның бірінші министрі:
- Тарихта алғаш рет Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландиядағы билік басында тәуелсіздікті қолдайтын басшылар отыр. Бұл Лондон билігі ұзаққа бармайтынын көрсетсе керек. Сондықтан болашақта Ұлыбритания тарайтынына қазірден бастап дайындалуы керек деп ойлаймын.
Үш автономды аймақ Ұлыбританиядан бөлек отау тігуге бұрыннан ұмтылып жүр. 2014 жылы Шотландияда тәуелсіздік жөнінде референдум өтті. Бірақ сол кезде халықтың 55 пайызы корольдіктен бөлінуге қарсы дауыс берді. «Алайда референдум қазір өтер болса, шотландиялықтар таңдауын өзгертер еді», - дейді сарапшылар. Өйткені үш автономды аймақта Brexit-ті қателікке теліп отыр. Шотландия мен Уэльс тәуелсіздікке қол жеткізсе, бірден Еуроодаққа кіруді көздейді. Ал Солтүстік Ирландия Ирландия Республикасына қосылса, онсызда ұйым құрымына оралады. Бұл арада АҚШ Президенті Дональд Трамп бірер күн бұрын Дублинге атбасын тіреді. Ұлыбританиямен бірде араз, бірде тату Ақ үй қожайыны түбі корольдікке кіретін Солтүстік Ирландия Ирландия Республикасына қосылады деп санайды.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Дау шығарайын деп тұрғаным жоқ, бірақ Ирландия халқы қайта қосылса екен деймін. Екі жақта да достарым бар. Бәрі де жақсы адамдар. Ирландиялықтар ғой, қайдан жаман болсын? Егер біріксеңіздер, бұл – үлкен жетістік болар еді. Ерте ме, кеш пе, сол күнге жетеміз деп ойлаймын.
Ал Премьер-министр Энди Бэрнемнің Ұлыбритания ынтымағына селкеу түсіргісі келмейтіні анық. Тәуелсіздік туралы референдум мәселесі қаралмайтынын жеткізді. «Қазіргі басты міндет – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осы ортақ мүдде аясында бірігуіміз қажет», - дейді ол.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Ұлыбритания #Шотландия #Солтүстік Ирландия #Англия #декларация #референдум #құжат #тәуелсіз #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz