Алып Қытайда жанармайдан таршылық көре бастады. Баға тағы қымбаттады. Қазір бензин мен дизельдің литрі тоғыз, ал кейбір шалғай өңірлерінде 10 юаньға дейін көтеріліп кетті. Біздің ақшаға шаққанда шамамен – жеті жүз теңге. Ел билігі нарықты енді қатаң бақылауға алып, инспекциялық қадағалауды күшейтті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда жанармай құны құбылып тұр. Биыл жыл басынан бері нарықтағы бағаға 18 рет түзету енгізіліп, соның 12-і жағдайында баға көтерілген. Қытайдың логистика және сатып алу федерациясының мәліметіне сәйкес, энергия және химиялық өнімдер бағасының индексі 5,7 және 3,7 пайызға өскен.
Бүгінде ұйым қадағалайтын 50 негізгі тауардың 27-і қымбаттап кетті. Оның ішінде осы жанармай да бар. «Бұған Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс, халықаралық мұнай құнының мың құбылуы түрткі» деп түсіндіріп отыр қытайлық сарапшылар. Иә, Қытай – әлемдік деңгейдегі ірі мұнай тұтынушы ел. Бірақ бұл бағаның өсуіне әсер еткен жалғыз фактор емес. Қытай – алып территориясы мен географиялық орналасуы жағынан күрделі мемлекет. Сондықтан логистика және көлік шығындарын қосуға болады. Әр провинция мен аудандарда салық саясаты әртүрлі. Бұл да әсер етіп отыр. Бұл жолы жанармай бағасы орташа есеппен 14 теңге көлемінде қымбаттады. Мәселен, қазір елдің солтүстігі Бейжің қаласында АИ 92 маркалы бензиннің литрі – 580 теңге.
Шығыстағы Шанхайда да дәл осындай. Елдің орталық бөлігінде 581-585 теңге
аралығында. Ең қымбаты Хайнань аймағында 660 теңгеге дейін барады. Кейінгі
кезде Қытайда тоқпен жүретін көліктерді сатып алушылар көбейді. Қытайдың
автоөндірушілер қауымдастығының мәліметіне сай, өткен айда нарықтағы
сатылған жаңа көліктердің 60 пайызы электромобильдер. Бұған түрткі болған
нәрсенің бірі – осы жанармай бағасының шарықтауы.
Ли Динсян, автокөлік сатып алушы:
- Бензинмен жүретін көліктердің күнделікті шығындары күрт өсті. Мен бұрын жанармайға айына шамамен 1300 юань жұмсайтынмын. Енді, міне, толық электрлі көлікке ауысқаннан кейін ай сайынғы шығыным 200 юань ғана. Бұл қаражатқа едәуір үнем.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда 2050 жылға қарай жанармай құю бекеттері 37 мыңға дейін қысқарту көзделген. Өйткені 2030 жылға қарай электр қуатымен жүретін көліктердің үлесі 50 пайызға жетеді. Сөйтіп 2045 жылға қарай жанармаймен жүретін көліктердің орнын басады. Ал 2060 жылға қарай бензинмен жүретін көліктер мүлдем қолданыстан алынуы мүмкін.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #жанармай #баға #бензин #дизель #юань #нарық #Қытай
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz