Елдегі корейлер қазақша сөйлесе таң қалмаймыз. Енді кеше Сеулде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттаған корейлік кім? Өзге мемлекетте тұратын, ұлты бөлек профессор қазақшаны қайдан үйреніп жүр?
Қазақтар «Құдайберген» атап кеткен, Сон Ён Хун Сеулде тұрады. Өзінің қазақшасы судай болғаны былай тұрсын, өзгелерге қазақ тілін үйретіп жүр.
Профессор Сон Ён Хун қазақ тілін 1999 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінде оқып жүргенде үйрене бастаған. Өз мамандығы – тарихшы. Тарихқа қызыққан корей жігітіне тіл үйрену де қиын болмады. Ол 2010 жылы «Қазақстанның шағын халықтарының өзара қарым-қатынасы мен әлеуметтік-саяси тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Сон Ен Хунның қазақшасына риза болғандар тіпті оны Құдайберген деп те атап кеткен.
Сон Ён Хун, «Хангук» университеті Орталық Азия зерттеулері кафедрасының меңгерушісі:
- Мен қазақ тілін оқыған кезде тек оны аудиторияда ғана оқыдым, себебі сол кезде көшеде, базарда, тіпті университетте бәрі орысша сөйлеген.
- Менің білуімше, Сіздің қазақша атыңыз Құдайберген. Кім Сізді осылай атайды?
- Құдайберген деген атты мен 2000 жылы Шымкенттің жанында Шолаққорған деген ауыл бар, сол ауылда тұрған кезде бір әжемен кездестім. Ол менің қазақ тілінде сөйлегенімді көріп, содан кейін маған Құдайберген, Тәңірберген деген атты берген.
Сон Ён Хунның араласуымен Сеулде 2004 жылы «Хангук» шет тілдер университетінде Орталық Азия зерттеулер кафедрасы ашылды. Қазір профессордың екі жүздей түлегі түгел қазақша сөйлейді. Көбі Қазақстан-Корей компанияларында, мемлекеттік мекемелерде қызмет етіп жүр.
Сон Ён Хун,«Хангук» университеті Орталық Азия зерттеулері кафедрасының меңгерушісі:
- Біздің студенттеріміз қазақ тілін оқығанда оны тезірек оқиды ғой, сосын қазақтар да корей тілін оқығанда грамматикасы ұқсас болғандықтан, тезірек оқиды.
Биыл профессор Сонның арқасында корей-қазақ онлайн сөздігі жарық көрді. Сөздікте 10 мыңға жуық сөз қамтылған. Ғалым мұның алдында корей студенттеріне арналған қазақ тілінің алғашқы оқулығын жасауға да қатысқан. Құдайберген-Сонның ендігі мақсаты – онлайн сөздікті жетілдіріп, сөз санын көбейту. Бұл Оңтүстік Корея студенттеріне Қазақстанның мемлекеттік тілін үйренуге ғана емес, Қазақстаннан келген студенттердің де корей тілін меңгеруіне де көмектеседі.
Авторы: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Сон Ён Хун #профессор #қазақ тілі #университет #тарихшы #диссертация #сөздік #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz