Түркияда жанармай бағасы тағы өсті. Бұған әлемдік мұнай нарығындағы күрт қымбаттау себеп болып отыр. 70 доллардан саудаланған Brent маркалы мұнай бағасы Парсы шығанағындағы шиеленіс салдарынан 107 доллардан асты. Энергия импортына тәуелді Түркияда бұл өзгеріс жанармай құнына ғана емес, тасымал мен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына да әсер етіп отыр.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда жанармай бағасының құбылуы үйреншікті көрініске айналған. Өйткені Анкара энергия қажеттілігінің шамамен 70%-ын сырттан импорттайды. Сондықтан жанармай бағасы әлемдік нарықтағы өзгерістерге қарай қалыптасады. Жергілікті энергия нарығын реттеуші орган жанармай бекеттеріндегі бағаларды қадағалап, күн сайын жариялап отырады. Мысалы, мына мен тұрған жанармай бекетіндегі баға тақтасына қарасаңыз, бір литр бензин – 81 лира, шамамен – 750 теңге, дизель отыны – 96 лира, біздіңше 900 теңге шамасында.
Әли Явуз, жанармай бекетінің директоры:
- Қыркүйек басталғалы жанармай бағасы екі рет өсті. Әсіресе дизель отынының бағасы қатты қымбаттап жатыр. 1 қыркүйекте 82 лирадан 90 лираға көтерілсе, бүгін бірден 96 лираға жетті. Мұның негізгі себебі – әлемдегі геосаяси шиеленіс. Қақтығыстар жалғасқан сайын мұнай бағасына да әсері тиіп отыр. Ал баға өскенімен, тұрғындар көлігін пайдаланудан бас тарта алмайды. Сондықтан күнделікті қажеттілікке жұмсалатын шығын да артып барады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жанармай бағасының өсуі азық-түліктен бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар мен қызмет құнына әсер етеді. Қазір Түркияда жеміс-жидек пен көкөніс маусымы болғанымен, баға әлі де жоғары. Өйткені мұнай бағасының қымбаттауы тікелей өндірісте қолданылмаса да, тасымалдау шығынын арттырып, азық-түлік бағасына әсер етіп отыр. Бұған қоса, өткен айда жол ақысы да өсті. Сарапшылар: «Парсы шығанағында жағдай тұрақталмай, мұнай бағасының қымбаттауы жалғаса береді», - дейді.
Мұрат Четинкая, сарапшы-экономист:
- Мұнай бағасының қаншаға дейін қымбаттайтынын қазір нақты болжау қиын. Бұл ең алдымен, соғыстың әрі қарай қалай өрбитініне және Парсы шығанағындағы жағдайға байланысты. Сондай-ақ алдағы кезеңде Дональд Трамптың ұстанымы да маңызды рөл атқарады. Кейінгі мәлімдемелерінен кейін жағдайдың қалай өрбитініне қатысты болжам жасау әзірге қиын.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Билік мұнайға тәуелділікті азайтып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, жел, күн және су электр энергетикасына инвестиция көлемін арттырды. Сонымен қатар елдегі мұнай мен табиғи газ қорларын игеру жұмыстары жалғасып жатыр. «Бұл бастамаТүркияның сыртқы тәуелділігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді»,- дейді сарапшылар.
Тегтер #жанармай #баға #мұнай нарығы #импорт #тасымал #тауар #энергия #ТүркияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz