Түркияның Газиантеп провинциясының Нұрдағы ауданында Қожа Ахмет Ясауи атындағы жаңа мектеп ашылды. Қазақстан салған білім ошағы 2026 жылғы 14 қыркүйекте алғашқы оқушыларын қабылдады. 960 орынға арналған мектеп Түркиядағы жойқын жер сілкіністерінен кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бой көтерді, деп хабарлайды «24KZ».
Мектептің ашылу салтанатына «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Басқарма төрағасы Нұрғали Арыстанов, Газиантеп провинциясы губернаторының орынбасары Якуп Кылынчоглу, жергілікті қоғам өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Білім ошағының ашылуы Қазақстанның табиғи апаттан зардап шеккен өңірді қалпына келтіруге қосқан үлесін көрсетеді. Сонымен қатар жоба екі ел арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастың маңызды нышандарының біріне айналды.
Іс-шара аясында Нұрғали Арыстанов пен Якуп Кылынчоглу екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара іс-қимылдың перспективаларын және ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.
Жаңа мектеп 960 оқушыға арналған. Мұнда 32 бастауыш сынып пен 4 мектепке дейінгі сынып жұмыс істейді. Қазіргі таңда білім беру мекемесінде 50 педагог еңбек етеді.
Мектепте оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті заманауи инфрақұрылым қарастырылған. Білім алушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасы жасалған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #KazAID #Түркия #мектеп #ГазиантепPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz