АҚШ президенті Дональд Трамп Канада мен Еуропалық одақтың жақындасуына байланысты Еуропа тауарларына өте жоғары баж салығын енгізетінін немесе ЕО-мен сауданы тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ NBCnews басылымына сілтеме жасап.
Трамп Солтүстік Каролинада өткен іс-шара кезінде Канаданың Еуроодаққа қауымдастырылған мүше болу мүмкіндігіне пікір білдіріп, мұндай қадамды АҚШ-қа қарсы «дұшпандық әрекет» деп бағалауы ықтимал екенін айтты.
Ал бұған дейін Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канадамен қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді ұсынған еді. Ол Канаданы Еуроодақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» ету мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сондай-ақ тараптар технология, маңызды шикізат, энергетика және қорғаныс салаларында ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр.
Алайда Трамп Канаданы АҚШ үшін «нашар сауда серіктесі» деп атады. Оның айтуынша, егер Еуропаның Канадамен жақындасу ниеті оң болса, оған қарсылық жоқ. Ал керісінше жағдайда Еуропаға өте жоғары баж салығы енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар Ақ үй 16 қыркүйекте Трамптың Канада тауарларын АҚШ-тың федералды мемлекеттік сатып алуларына қатыстыруға шектеу қоятын меморандумға қол қойғанын хабарлады.
Ал Канада мен АҚШ арасындағы сауда қатынасында соңғы уақытта бірнеше шектеу енгізілді. 15 қыркүйектен бастап Канададан әкелінетін бірқатар тауарларға АҚШ-тың қосымша 50% баж салығы күшіне енді. Бұған дейін Оттава да америкалық тауарларға жаңа баж салығын енгізген болатын.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Трамп #баж салығы #Еуроодақ #КанадаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz