RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан Абу Дабидегі кітап көрмесіне қатысты

18.09.2026, 10:39 42

«Кітап бетін ашып, әлемді таны».

Абу Дабиде осындай атаумен дәстүрлі кітап жәрмеңкесі өтті. Ауқымды іс-шараға біздің елдің де бір топ баспагері барды. Оқырман қауым арасында жоғары бағаланған еңбектерді әлем назарына ұсынды.

Көрмедегі сирек кездесетін қолжазбалар арасынан қазақ жерінің осыдан 4 ғасыр бұрынғы картасы табылды.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Абу Дабидегі кітап жәрмеңкесі әлемдік әдебиет саласы өкілдері асыға күтетін көрменің бірі. Биыл мұнда 98 мемлекеттен айтулы авторлар мен беделді баспагерлер жиналды. Көпшілік назарына кіл таңдаулы кітаптар ұсынылды. Олардың арасында көне қолжазбалар да бар. Бағасы 800 мың еуроға дейін барады.

ХVII ғасырдағы әлем атласы сатылып жатыр

Сан ғасырлық сырды ішіне бүккен еңбектер нидерланддық Лоуренс Хеселинкке тиесілі. Ол осындай ежелгі кітаптарды жинап, кәсіби түрде қалпына келтірумен айналысады. Көзге оттай басылғаны 17 ғасырға тән «Әлем атласы». Парақтай отырып, Тартария немесе ұлы хан империясы деп аталатын бөлімін таптық. Бұл 1600 жылдардағы қазақ жері. Шығыс пен Батысты маңызды сауда жолдармен жалғаған. 

Лоуренс Хеселинк, көне кітаптарды жинақтаушы:

- Бұл атлас Амстердамда 1606 жылы жарық көрген. Авторы сол заманның белгілі картографы болған. Әлемді кемемен аралап, саяхаттап келгендердің естелігімен түзілген. Тартария, яғни қазақ жері Еуразия кеңістігінде ежелгі жолдарды байланыстырған. Мен мұны арнайы аукционнан сатып алдым. Түпнұсқа. Бағасын 125 мың еуроға бағалап отырмын.

Қазақ жерінің өткені мен бүгінін дүние жүзіне танытып, рухани қазынасын насихаттайтын төл туындыларымыз да кітап сөресінен орын алды. Әмірліктің мәдениет министрлігіне қарасты қор біздің авторларға тіпті арнайы грант бөлді. Бірқатар көркем шығарма араб тіліне аударыла бастады. 

Баян Қабылаш, әдеби агент:

- Барлық кітап көрмесі тек кітапқа қатысты емес. Ол мүмкіндік. Елдің тілін, мәдениетін, авторларды жарнамалауға үлкен мүмкіндік береді. Біріншіден, елімізге атақ-абырой береді. Екіншіден авторлар арқылы мәдениет, тіл арқылы таныстырылады.

Ендігіде қазақы аңыз әңгімелерді комикс ретінде көптеп шығарып, таралымын кеңейту міндеті тұр. Мамандар мұны «бүкіл әлемде тоқтаусыз дамып келе жатқан бағыт» дейді. Ал Таяу Шығыста оқырман көп. Әсіресе арабтар оқуға аса құштар деуге келеді. Фентези мен философиялық жанрларына терең бойлайды.

Алмас Асан, «Smart University Press» баспа үйінің директоры:

- Абайдың 45 қара сөзін мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірбаянымен қиыстырып, керемет жоба жасаған. «Толық адам» деген. Сосын қазақ тілін үйренгісі келетіндерге кітапты алып келдік. Басқа да еңбектерді алып келдік.

Бес күнге жалғасқан жәрмеңкеде 100 мыңнан астам мейман жиналды. Әр жақтың баспагерлері өзара байланыс орнатып, жаңа серіктестікке жол ашты. Қазақ кітаптарының арасында Жошы хан мен Бейбарыс Сұлтан туралы тарихи еңбектер ерекше қызығушылық тудырды.

Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz