RU
Толық нұсқаға өту

Әлемдік қор нарығы құбылып тұр

18.09.2026, 19:06 52

Әлемдік қор нарығы құбылып тұр. Бұған Таяу Шығыстағы ахуал мен Федеральды резерв жүйесінің шешімі әсер етіп отыр. 

АҚШ Орталық банкі базалық мөлшерлемені 2023 жылдан бері алғаш рет көтерді. Бұл халықаралық капиталға ықпал етті. Сонымен қатар кейінгі кезде жасанды интеллектіге қатысты күмән көбейіп, технологиялық компаниялардың құнды қағаздары да тұрақсыздана бастады. Бұған сарапшылар не дейді? 

АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірісі 9 айда 4-тен 5 пайызға дейін өсті. Яғни Құрама Штаттар инвесторларға тартымды ұсыныс жасап отыр. Ал бұл қор нарығындағы акциялардың бағаларына кері әсер ететіні анық. Сондай-ақ базалық мөлшерлеме көтерілгенде бизнестің табысы азаяды.

Эрик Дитон, The Wealth Alliance компаниясының президенті:

- Нарықта «Қауесет тарағанда сатып ал, жаңалық шыққанда сат» деген белгілі қағида бар. Алғашында байқалған қысқа мерзімді өсім де осымен түсіндіріледі. Алайда базалық мөлшерлеме өскен кезде акция бағасының төмендеуі – аксиома. Мысалы, Федералды резерв жүйесінің шешімі жарияланған соң акциялар алдымен 0,5 пайызға өсіп, артынан қайта құлдырады. Яғни, бұл жағдай да аталған қағиданың заңдылығын дәлелдейді.

Федеральды резерв жүйесінің шешімінен кейін әдетте доллар беки түседі. Азия болса тәуекелі жоғары нарық. Сондықтан бұл арада инвесторлар долларлық активтерге ауыса бастайды.

Энджел Чжон, Мельбрун технология университетінің профессоры:

- Қытай, Вьетнам секілді елдердің экономикасы экспортқа тәуелді. Доллар нығайғанда, саудасы баяулайды. Бұл шетелдік капитал көлемінің азаюына әкелуі мүмкін. Себебі АҚШ Азия үшін ең ірі тұтынушы нарықтың бірі.

Ал Таяу Шығыста тағы бір от тұтанды. Хуситтер Сауд Арабиясына қауіп төндіріп тұр. Эр-Рияд мұнайды енді Оман арқылы жөнелтетінін мәлімдеді. Қара алтын тасымалына қатысты алаңдаушылық басылғанымен кейінгі 2 аптада энергетикалық шикізатты бағасы 20 пайыздай өсті.

АҚШ-тың Иранмен арадағы соғыстың аяқталатын түрі көрінбейді. Мұнай арзандамай, Құрама Штаттарда инфляция дес бермей тұр. «Демек Федеральды Резерв жүйесі алдағы уақытта базалық мөлшерлемені төмендетуі екіталай», - дейді сарапшылар.

Эрик Дитон, The Wealth Alliance компаниясының президенті:

- Қаржы нарығында мынадай тарихи заңдылық бар. Жаңа Президент билігінің 2 жылында нарық әдетте қатты құлдырайды. Өйткені бастапқыда қатаң саясат жүргізеді. 3 пен 4 жылында келесі сайлауға дайындық бастайды. Халықтың қолдауына ие болу үшін экономиканы барынша қолдап, акциялар өсе бастайды.

Сарапшылар: «Қазіргідей қор нарығы құбылып тұрғанда, құнды қағаздар бағасын сырттай бақылап, қолайлы сәтті күткен абзал», - дейді. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz