RU
Толық нұсқаға өту

Хуситтер Сауд Арабиясына шабуылды үдетті

21.09.2026, 07:33 63

Хуситтер Сауд Арабиясына шабуылды үдетіп барады.

Әсіресе әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы елдің энергетикалық инфрақұрылымы, азаматтық нысандары соққыға ұшырап жатыр.

Эр Рияд қазір қолдауға аса зәру. Мұның алдында Сауд Арабиясы, Түркия, Пәкістан одақ құрып, жаудан бірге қорғанамыз деген еді. Түркия НАТО-ға мүше. АҚШ әлдеқашан оқтұмсықтарын әкеліп қойған. Ал Пәкістан ядролық қаруға ие. Осындай үштікке кім қарсы тұруы мүмкін деген еді сарапшылар. Бірақ әзірге Риядтың екі одақтасынан ешқандай көмек келген жоқ. Бұл арада Иранмен соғысып шаршаған АҚШ та қауқарсыз. 

Демалыс күні Рияд тұрғындары таңды үреймен атырды. Алдымен түнде әуе дабылы жарияланды. Бұл осы жылдың жазында хуситтермен арадағы қақтығыс өршігелі бері алғаш рет қабылданған шара. Ал таңға жуық қалада жарылыс даусы естіліп, ел астанасы қою түтінге оранды. Қарулы топ Риядтағы нысандар мен Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу қаласын атқылады. Сауд Арабиясы зымырандарды дер кезінде қағып түсірді. Хуситтер мұны қарымта жауап деп түсіндірді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, өткен аптада Сауд Арабиясының Йеменге жасаған шабуыл саны 300-ге жеткен.

Яхья Сариа, хуситтердің әскери мәселелер жөніндегі өкілі:

- Йемендік хуситтер ірі көлемдегі баллистикалық және қанатты зымырандарды, сондай-ақ дрондарды қолдана отырып, екі ауқымды әскери операция жүргізді. Біз Сауд Арабиясының астанасындағы маңызды нысандарды және Янбу қаласындағы «Сауди Арамко» компаниясын нысанаға алдық. 

Сәт санап ушығып жатқан қақтығыс отын тасымалына кедергі келтіріп отыр. Мұның салдары Еуропа үшін оңай болмайын деп тұр. Saudi Aramco – Сауд Арабиясының ұлттық мұнай компаниясы. Таяуда компания қарт құрлықтағы мұнай өңдеу зауыттарына алдағы айда қара алтын жөнелте алмайтынын хабарлаған. Өйткені мемлекет шамамен бір апта бұрын хуситтердің шабуылынан кейін стратегиялық маңызы бар «Шығыс-Батыс» құбырының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Әдетте еуропалықтар Сауд Арабиясынан мұнайды Мысырлық Сиди-Керир портында сатып алады. Жерорта теңізінде орналасқан портқа шикізат Қызыл теңізден СУМЕД құбыры арқылы, ал Қызыл теңізге дейін дәл осы «Шығыс-Батыс» құбырымен жеткізіледі. Билік оны бір жарым айда толығымен қалпына келтіруді жоспарлап отыр. 

Сауд Арабиясының Янбу портындағы мұнай қоймалары шамамен 35 млн баррельге, Айн-Сохнада 18 млн баррельге, ал Сиди-Керирдегі қоймалары 20 млн баррельге шақталған. «Бірақ қоймаларда қор аз қалды» дейді сарапшылар. Бұл экспортты шектейді. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметіне қарағанда, тамыз айында Сауд Арабиясының қара алтын жеткізілімі кейінгі 30 жылдан астам уақытта ең төменгі деңгейге түскен.

Мұнай қоймаларының сыйымдылығы 

Янбу порты (Сауд Арабиясы) - 35 млн баррель

Айн-Сохна порты (Мысыр) - 18 млн баррель

Сиди-Керир порты (Мысыр) - 20 млн баррель

Дереккөз: Reuters 

ЦИТАТА: Николас Дайер, Energy Aspects мұнай сарапшысы

Сауд Арабиясы Янбу портындағы қоймаларда сақтаулы тұрған шикі мұнайды кемелерге тиеп, экспорттай алады. Алайда ондағы қор тым азайып қалды. Янбу портының жұмысындағы іркіліс мұнай тасымалын одан әрі тежеп, Сиди-Керирге жеткізілімдердің тоқтауына әкеледі.

Ассошиэйтед Пресс агенттігінің деректеріне сүйенсек, Сауд Арабиясында әуе қорғанысы жүйелері таусылуға шақ қалды. Анкара мен Исламабад Риядқа қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді. Тамыз айында Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия «Мекке бірлескен қорғаныс келісіміне» қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, бір мемлекетке жасалған шабуыл өзге мүше елдерге де көрсетілген агрессия ретінде қарастырылады. 

Хакан Фидан, Түркияның Сыртқы істер министрі:

- Сауд Арабиясы ешкімге соқтықпаса да, оған қарсы шабуылдар үдеп барады. Біз мұны қатаң айыптаймыз. Сондай-ақ бұл жағдайдың Вашингтон мен Тегеран арасындағы қақтығыстың бір бөлігіне айналуына қарсымыз. Біз Сауд Арабиясының әскери қажеттіліктерін қамтамасыз етуге дайынбыз.

Дегенмен, «Сауд Арабиясы АҚШ-тың мақұлдауынсыз Йемен аумағына құрлық әскерін жіберуі екіталай» дейді сарапшылар. Олай болған күннің өзінде Түркия мен Пәкістан хуситтерге қарсы толыққанды соғысқа араласуға құлықсыз. Рейтер агенттігі бұған дейін Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Дональд Трамптан әскери көмек сұрағанын хабарлады. Алайда АҚШ та бұл қақтығыстың өршуін қаламайды. Қазір Құрама Штаттардың жағдайы мәз емес. Вашингтон Иранға қарсы соғысқа жарты жылда 45 млрд доллар қаржы жұмсап, шығынға батып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz