Қазақстан әлемдік қауымдастықтың зор ризашылығына ие. АҚШ конгрессмендері Вашингтондағы Қазақстанның ядролық қарусыздану тәжірибесіне арналған жиында осындай пікір білдірді.
Карнеги қоры мен Стратегиялық тәуекелдер жөніндегі кеңес ұйымдастырған шарада Семей полигонын жабу және АҚШ-пен бірлескен «Сапфир» жобасы сөз болды. Осы операция кезінде шамамен 25 ядролық қару жасауға жететін жоғары байытылған уран қоры қауіпсіз жерге көшірілген еді. Кездесуге Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов, Конгресс мүшелері Дина Тайтус пен Билл Фостер, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік саласының сарапшылары қатысты. Жиында қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстан тәжірибесінің маңызы айтылды. Соның ішінде елімізде МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін орналастыруы және халықаралық диалогты ілгерілету бағытындағы жұмысы сөз болды.
Дина Тайтус, АҚШ Конгресінің өкілі:
- Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы еңбегін жоғары бағалаймыз. Нанн–Лугар бағдарламасы мен «Сапфир» жобасы және Қазақстанның Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға үлес қосуы аса маңызды тарихи шешім деп айтар едім. АҚШ дәл осы келісімнің хаттамасына қол қойғалы біраз болды. Енді Сенат бірауыздан ратификацияласа деп отырмыз. Қазақстанның тәжірибесі халықаралық ынтымақтастық пен халықтар арасындағы байланыстың нақты нәтиже беретінін көрсетті.
Билл Фостер, АҚШ Конгресінің өкілі:
- Қазақстан әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, дипломатия мен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген жолды таңдады. Қазақстанның бұл шешімі әлемдік қауымдастықтың зор ризашылығына ие болды. Осы тарихи үдерісте сенімді серіктес бола алғанымызға бек қуаныштымын. Астананың ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселелеріндегі белсенді ұстанымы, сондай-ақ осы бағыттағы халықаралық диалогты ілгерілетуі де қуантады.
Тегтер #24KZ #АҚШ #конгрессмен #АҚШ Конгресі #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz