Иә, көлік кептелісі – әлемдегі ірі мегаполистер үшін де күрделі мәселеге айналған. Былтыр Ыстамбұлда әр жүргізуші 118 сағат жолда қаңтарылып тұрған.
Бұл 5 тәулікке тең. Түркияның бас шаһары – бұл әлемде көлік кептелісі ең көп мегаполис. Сондай-ақ рейтингте Мехико, Чикаго, Дублин және Нью-Йорк пен Париж қалалары да бар.
Бүгінде әлемнің 30-дан аса елінде, дәлірек айтқанда 218 қалада көліктердің легін жасанды интеллект реттейді. Интеллектуалды бағдарламаны «Сидней жол қозғалысын басқару жүйесі» деп те атайды. Жоба Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында әзірленген. Жүйе жеке бағдаршамдарды ғана емес, қаладағы бүкіл қозғалысты үйлестіріп басқаруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жүргізушілер бірнеше бағдаршамнан тоқтамай өте алады. Жалпы «ақылды» бағдаршамдар, датчиктер, болжау жүйелері кептелісті 20-25 пайыз азайтатынын көрсеткен. Тағы бір артықшылығы – қоғамдық көлік пен жәдел жәрдем қызметіне басымдық беріледі. Мәселен, автобус жақындағанда бағдаршамның қызыл түсі дереу жасылға ауысады. Мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Нидерланд, Швейцарияда бар. «Бұл қоғамдық көліктің жүру уақытын қысқартады», - дейді мамандар.
АҚШ, Канада, Қытай және Аустралияда кері қозғалыс жүйесі жұмыс істейді. Яғни жолақтардың бағыты тәуліктің уақытына қарай өзгереді. Таңертең көліктер қала орталығына ағылса, жолақ осы бағытқа қарай ашылады. Жұмыс уақыты аяқталып, жүргізушілер үйлеріне қайтқанда, қозғалыс кері ауысады. Жүйе электронды жол белгілері арқылы басқарылады. Жасыл жол белгісі – жолақ ашық, ал қызылы қозғалысқа тыйым салынғанын білдіреді. Бұл жаңа жол салмай, қолданыстағы инфрақұрылымды пайдаланып, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Алайда жүргізушілер электронды белгілерге мұқият болуға тиіс. Өйтпеген жағдайда, қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысуы мүмкін.
Германия мен АҚШ-тың ірі қалаларында «Park and Ride», яғни көлікті тұраққа қойып, қоғамдық көлікпен жүру» жүйесі іске қосылды. Яғни метро стансалары мен автобустың соңғы аялдамаларының жанынан автотұрақтар салынған. Сырттан келетін жүргізушілер темір тұлпарларын сол жерге қалдырады. Ал шаһар орталығына қоғамдық көлікпен қатынайды. Қолайлысы сол, автотұрақ тегін. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл маңайдағы ауылдардан ағылған көліктердің жүрісін азайтады. Жалпы сарапшылар көлік кептелісін реттеу үшін кешенді шешімдер қажет екенін айтады.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #көлік кептелісі #Түркия #АҚШ #Қытай #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz