RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ мигранттарды өзге елге депортациялайды

23.09.2026, 09:32 662

АҚШ-қа барған мигранттар далада қаңғып қалды. Өйткені бұрын елден депортацияланған адам өз еліне қайтарылатын. Енді басқа бір мемлекетке жөнелтіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Ал оның қай елге, қай жерге жектізілетіні тағы белгісіз. Халықаралық журналистік зерттеу бойынша, осындай жолмен АҚШ-тан 25 мыңнан астам мигрант шығарылған. Бағдарламаға 400 миллион доллардан астам қаржы бөлінген. Енді мұндай қатерлі саясаттың мәні не, мақсаты қандай?

АҚШ-тан аластатылған мигранттың баратын жері енді міндетті түрде өз елі емес. Трамп әкімшілігі кейбір мигранттарды үшінші мемлекеттерге жібереді. Яғни олар туған жеріне емес, бұрын тұрмаған басқа елге жөнелтілуі мүмкін. 

Forbidden Stories дерегіне сүйенсек, кемінде 25 мың 447 мигрант осылай депортацияланған. Оның 20 мыңға жуығы Мексикаға, қалғаны Латын Америкасы, Африка және Тынық мұхиты аймағындағы 27 елге жіберілген. 

Марквейн Маллин, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі:

— Егер сіз АҚШ-та заңсыз жүрсеңіз, мәртебеңізге қарамастан, елден шығарылуыңыз мүмкін. Қылмыс жасағаныңызға немесе жасамағаныңызға да қарамаймыз. Біздің міндетіміз мұндай адамдарды тауып, депортациялау. Біз мұны мүмкіндігінше жүзеге асырамыз.

Бұл саясат мигранттардың өз еркімен елден кетуіне де әсер етіп отыр. Зерттеуге сәйкес АҚШ-та ерікті түрде кетуге келіскен мигранттардың көрсеткіші бір жылда шамамен 11 есе өскен. 2024 жылғы желтоқсанда 800-ге жуық іс тіркелсе, 2026 жылғы ақпанда олардың саны 8 мың 800-ден асқан. Зерттеушілер өсімді Трамп әкімшілігінің қатаң миграциялық саясатымен байланыстырады.

Лора Муньос:

— АҚШ-та жағдайымыз қиындап кетті. Сондықтан біз елден өз еркімізбен кетуге шешім қабылдадық. Біз үшін оңай шешім емес. Бірақ қазір өзімізді қауіпсіз сезінудің жалғыз жолы — елден өз еркімізбен кету.

Динара Қуандыққызы, тілші:

— Құрама Штаттар әкімшілігі үшінші елдерге депортациялауды заңды әрі тиімді шара деп санайды. Алайда бұл саясатқа қатысты сот процестері жалғасып жатыр. Құқық қорғаушылар мигранттардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Ал Америкада бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Автор: Динара Қуандыққызы

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz