Ұлыбританияның EasyJet әуе компаниясы Франция мен Португалиядағы қызметкерлерінің ереуіліне тап болды. Соның салдарынан алдағы апталарда жүздеген рейс тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ BILD басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, бортсеріктер 2-6 қазан және 19-23 желтоқсан аралығында, яғни демалыс кезінде жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді. Тек қазан айында бұл жоспарланған 500 рейстің тоқтатылуына әкелуі мүмкін. Алайда нақты қай рейстер екені әзірге белгісіз.
Компания өкілі BILD басылымына жағдайды мұқият бақылап отырғандарын және рейстеріне өзгеріс енгізілген жағдайда жолаушыларға тікелей хабар берілетінін айтты.
Ереуілді Португалияның азаматтық авиация борт қызметкерлерінің ұлттық кәсіподағы – Sindicato Nacional do Pessoal de Voo da Aviação Civil (SNPVAC) ұйымдастырып отыр. Кәсіподақ жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді. Оның мәліметінше, жұмыс кестесі жиі өзгертіледі, ал тарифтік келісімдер сақталмайды. Бұдан бөлек, маман тапшылығына байланысты қызметкерлерге артық жұмыс істеуге қысым жасалады.
Ал EasyJet кәсіподақ талаптарын орындау мүмкін емес екенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, оның борт қызметкерлерінің жалақысы Португалиядағы орташа деңгейден әлдеқайда жоғары.
EasyJet өкілдері тараптар келіссөз жүргізіп, ортақ шешім табуға тырысып жатқанын атап өтті.
Лоукостер Францияда да қиындыққа тап болды. Мұнда ұшқыштар ереуілге шығуға дайындалып жатыр. Syndicat National des Pilotes de Ligne (SNPL) кәсіподағы тұрақты жұмыс кестесі мен еңбек жағдайын жақсартуды талап етуде. Ереуіл 24 және 25 қыркүйекке жоспарланған.
Оның салдарынан Парижден және Парижге, сондай-ақ Лион, Ницца, Нант және Бордо бағыттарындағы рейстер тоқтатылуы мүмкін.
Осыған байланысты EasyJet жолаушылары алдағы апталарда рейстердің тоқтатылуына, кешігуіне және қайта брондалуына дайын болуы керек.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #EasyJet #әуе компаниясы #ереуілPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz