RU
Толық нұсқаға өту

Вандализммен күрес: Париж тәжірибесі

23.09.2026, 23:40 54

Париж көшелеріндегі жүздеген шаршы метр граффити күн сайын өшіріледі. Қала билігі ғимараттардың қасбетін тазалауға жылына шамамен 6 млн еуро жұмсайды.

Ал тарихи нысандарға зиян келтіргендер қомақты айыппұл арқалап, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Париж тарихи келбетін сақтауға ерекше мән береді. Мұнда тіпті ғимараттың қасбетіне салқындатқыш орнатудың өзіне арнайы рұқсат керек. Ал қабырғаға жөн-жосықсыз сурет салып, жазу қалдырғандарға қатаң жаза қарастырылған. Сондықтан вандализммен күрес – ұзақ жылдардан бері қала басшылығының басты міндеттерінің бірі. Мамыр айында жаңадан сайланған мэр Эммануэль Грегуар алдымен қаладағы ластанған мыңға жуық аумақты тазартуды жоспарлап отыр.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Граффити жиі кездесетін жерлердің бірі – осы Трокадеро алаңы. Жазда мұнда Эйфель мұнарасының көрінісін бұзып тұрған жазулар көп еді. Қазір қабырғалар біршама тазартылған. Бұл – Париж билігі күшейткен шаралардың нәтижесі. Трокадеро бақтары мен Сена жағалауындағы тарихи аумақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіреді. Сондықтан мұндағы нысандарды бүлдіргендерге жаза қатаң. Дегенмен граффити салғандарды анықтау оңай шаруа емес.

Францияда ғимарат қасбетіне немесе қоғамдық көлікке рұқсатсыз жазу жазып, сурет салған адам келтірілген залал үлкен болмаса, 3 750 еуроға дейін айыппұл төлеп, қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Бөтеннің мүлкіне елеулі зиян келтіргендер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 30 мың еуроға дейін айыппұл арқалайды. Ал мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткішті бүлдіргендерге жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және 100 мың еуроға дейін айыппұл салу қарастырылған. Париждің коммуналдық қызметтері күн сайын шамамен 650 шаршы метр жазу мен суретті тазартады. Бұған қала бюджетінен жылына 6 млн еуроға жуық қаражат жұмсалады.

Жульен Петит, Galerie Chaptal галереясының тең құрылтайшысы:

- Вандализмнің түрі көп. Ғимарат қасбетін бүлдіру, тарихи маңызы бар мүсіндер мен өзге де құнды дүниелерге зақым келтіру – соның бір көрінісі. Мұндай мұраны біз қорғауға міндеттіміз. Граффитиге келсек, Францияда, әсіресе Парижде оны жиі кездестіреміз. Өкінішке қарай, оның бәрін бірдей өнер деуге келмейді. Тұрғын үйдің қасбетіне рұқсатсыз салынған суретті көргенде, оны көркем дүние немесе әдемі туынды деп қабылдау қиын.

Өнер саласының мамандары вандализм мен стрит-артты ажырату қажет дейді. Парижде суретшілерге шығармашылықпен айналысу үшін арнайы орындар бөлінеді. Мурал мен граффити салуды үйрететін мектептер де бар. Кейде өнердің өзі вандализмге қарсы құралға айналады. Мәселен, 2024 жылы қала билігі үнемі қабырғасы шимайланған дүкендердің металл қаптамаларын қайта безендіру үшін суретшілерге шамамен 40 мың еуро бөлді.

Фани Каплан, галерист:

- Кез келген граффитиді стрит-арт деп атауға болмайды. Оны өнер деу үшін автордың өзіндік көзқарасы, қолтаңбасы болуы керек деп ойлаймын. Жалпы стрит-арт – жастардың тынысын, қазіргі қоғамдағы идеяларды көрсететін өнердің бір бағыты. Ал вандализмнің ауқымы әлдеқайда кең. Галереяларда құндылықты бүлдіру жағдайлары сирек кездеседі. Дегенмен Луврдағы оқиғалар бәріміздің есімізде. Сондықтан көптеген туындылар арнайы әйнекпен қорғалған.

Заң талабы анық: иесінің рұқсатынсыз қабырғаға сурет салу – құқықбұзушылық. Ал егер ғимарат иесі суретті өзі тапсырыс беріп салдырса, бұл туралы аудан басшылығына хабарланады. Туындының тағдырын жергілікті билік шешеді. Париж үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Ғасырлар бойы қалыптасқан сәулет келбетін сақтау – қала үшін тек тазалық мәселесі емес, тарихи мұраны қорғаудың бір бөлігі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz