RU
Толық нұсқаға өту

Еуропада баспана мәселесі өткір болып тұр

24.09.2026, 08:36 54

Еуропада жұрттың көбі үй сатып алмайды.

Пәтер жалдап тұрады. Тіпті өмір бойы баспанасыз жүргендер жетіп артылады. Мұндай жағдай әсіресе қарт құрлықтағы жетекші елдерге тән.

Мәселен, Германия халқының 55 пайызында үй жоқ. Жергілікті тұрғындар басыбайлы баспана алуға асықпайды. Неліктен? 

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Еуропада баспана мәселесі өткір тұр. Ірі қалаларда үй қымбат. Мәселен, кейінгі 10 жылда Португалияда жалақы 20 пайыз ғана өскен. Ал, үйдің бағасы 70 пайызға дейін шарықтап кеткен. Яғни, халық тірнектеп ақша жинаса да, жетпейді.  Жастар түгілі, 50-ді алқымдаған азаматтар әлі күнге дейін өз баспанасына қол жеткізе алмай жүр.

Экономикалық Ынтымақтастық және даму ұйымының дерегі бойынша, Еуропа елдері жалға алу жаһандық индексі бойынша тізімнің басында тұр. Мәселен, Швейцарияда халықтың - 62 пайызы, Германияда - 55 пайызы, Данияда - 47 пайызы, Швеция мен Финляндияда 38 пайызы пәтер жалдайды. 

ЭЫДҰ-НЫҢ ЖАЛҒА АЛУ БОЙЫНША ЖАҺАНДЫҚ ИНДЕКСІ 

                        Жалға алып тұратындар

Швейцария            61,2%

Германия                         55,4%

Дания                47,5%

Швеция                           38,9%

Финляндия           38,1%  

Қазір еуропада жалдамалы үйде тұру қалыпты әлеуметтік жағдайға айналып барады. Өйткені, жалға алушының құқығы қорғалады. Иелері кісі тұрып жатқан пәтерден күштеп қуа алмайды. Бұл үшін соттың шешімі қажет. Бірақ кейінгі жылдары туристердің көбеюі тұрғын үй дағдарысының ушығуына әкелді. Өйткені қазір еуропа қалаларында саяхаттаушыларға жалға беру тиімді. 

Дан Йоргенсен, Еурокомиссияның энергетика және тұрғын үй жөніндегі комиссары:

- Кейінгі 10 жылда Берлинде пәтер жалдау - 59 пайыз, Мадридте - 75 пайыз, ал Лиссабонда - 103 пайызға қымбаттады. Мұның салдарынан медбикелер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері қаланың ішінен үй ала алмайды. Үйге қатысты түсінік өзгеруі керек. Бұл нарықтағы тауар емес, тұрмыстың міндетті шарты болуға тиіс.

Еуропадағы орташа жалақы - 1450 еуро болса, ал пәтер жалдау құны соның 98 пайызына тең. Бұл түйткілдің түйінін тарқатуға Еуропалық комиссия да кірісті. Туристерге жалға беруге қатысты мәселені реттейтін жүйе әзірлейміз деп отыр.   

Тереса Рибера, Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті:

- Шаһарда тұрғын үй тапшы аймақтарды анықтаймыз. Бұл үшін техникалық көрсеткіштерді бағалау жүйесін енгіземіз. Бұл қала әкімдеріне тиісті шараларды қабылдауға, яғни құқығын кеңейтуге сеп болады. Сөйтіп, қысқа мерзімге жалға беру нарығын реттеп, тұрғындардың мүддесін қорғауға мүмкіндік туады. 

Бұдан былай шаһар әкімдері жалға алу платформаларына бақылауды күшейте алады. Тіпті туристерге жалға берілетін үйлердің санын шектеуге құқылы. Керек болса, кей аудандарда тыйым салынуы да ғажап емес. 

Еуропалық Одақ бұл жүйені әзірлегенімен, бұл тек ұсыныс. Түпкілікті шешімді әр ел өзі қабылдайды,  дейді сарапшылар. Қалай десек те, осындайда үйі жоқтың күйі жоқ дейтін сөзі еске түседі.  

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz