Түркия қатерлі ісікке қарсы жаңа дәрі әзірлеп жатыр.
Төрт жыл бұрын басталған зерттеудің алғашқы клиникалық кезеңі аяқталды. Енді препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі тексеріледі. Сонымен қатар елде қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған скрининг бағдарламалары іске қосылған. Бірақ ауруға шалдыққандар саны әлі де азаймай отыр. Бұған не себеп?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркияда қатерлі ісік – өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Былтыр елде дерті дендеген 77 мыңнан астам адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Бұл аймақтағы өлім көрсеткішінің 15,7 %-ы. Әсіресе жаман ауруға ер адамдар бейім. Олардың арасында өкпе обырына шалдығушылық жоғары. Ресми статистика да мұны растап отыр. Былтыр онкологиялық аурудан көз жұмғандардың 63%-ы - ер адамдар. Ал әйелдер арасында сүт безі обыры кең таралған.
Иә, ауру айтып келмейді. Дегенмен жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметке қарағанда, өкпе обырының көбеюіне аймақта шылым шегу көрсеткішінің артуы себеп. Сондықтан Түркия кейінгі жылдары ауруды емдеуден бұрын оны ерте анықтауға басымдық беріп отыр. Елде қатерлі ісікті диагностикалауға арналған тегін скрининг бағдарламалары іске қосылған. Тексеру барысында жасанды интеллект технологиялары да қолданылады. Мысалы, METRA деп аталатын жасанды желі жобасы сүт безінің рентгендік кескінін талдауға көмектеседі. Жүйе суреттен қатерлі ісікке күдік тудыратын өзгерісті анықтап, дәрігерге қосымша ақпарат береді. Осы уақытқа дейін аймақта 16 млн-нан астам адам онкологиялық тексеруден өткен. Нәтижесінде 36 мың тұрғынға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Бұдан бөлек мұндай скрининг орталықтарында аурудың алдын алу бойынша ақпараттық кеңес те жүргізіледі.
Кемал Мемишоғлұ, Түркияның Денсаулық сақтау министрі:
- Темекі шегуден болатын өкпе обыры бойынша Түркия әлемде бірінші орында. Шылымның кесірінен елімізде жыл сайын 120 мың адам қайтыс болады. Көмей обырына да басты себеп осы шылымға тәуелділік. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі ретінде бұл мәселеге тікелей араласуым керек деп есептеймін. Онымен қоғам болып күресуіміз қажет. Елімізді темекіден арылтып, одан біржола бас тартуымыз керек. Осылайша, дені сау, түтінсіз қоғам қалыптастыра аламыз.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазір Түркияда ерте диагностикамен қатар қатерлі ісікке қарсы жаңа препарат әзірленіп жатыр. Ауруға қарсы алғашқы отандық өнімді зерттеу жергілікті ғалымдардың қатысуымен осыдан 4 жыл бұрын басталған. Қазір бірінші фазасы аяқталды. Енді екінші және үшінші клиникалық сынақ жұмыстары жүргізіледі. Ол оң нәтиже берсе, препарат медициналық қолданысқа енгізілуі мүмкін.
Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #обыр #дәрі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz