Иә, Бас Ассамблея мінберінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сөз бастағанда көптеген делегация наразылық танытып, залдан шығып кетті.
Қайшылықтарға толы осы жиын кезінде Қазақстан Тимор-Лештемен дипломатиялық қатынас орнатты. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші күні тиісті құжаттарға қол қойылып, Бенин және Непалмен қызметтік паспорт иелерін визадан босату жөнінде келісім жасалды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- БҰҰ Бас Ассамблеясындағы пікірталас үшінші күнге ұласты. АҚШ бастап, Иран қостаған текетіреске бүгін Израиль қосылды. Палестина өкілі онлайн пікір білдірді. Сол қарбаластың арасында Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы серіктестермен кездесіп, құжаттарға қол қойып, Қазақстан дипломатиялық қарым қатынас орнатқан елдердің санын 193-ке жеткізді.
Атап айтар болсақ, Тимор-Леште мен Орталық Африка Республикасымен тұңғыш рет келісім жасап, қол қойып, байланыс орнатты. Ал Бенин және Непалмен қызметтік визалардан босату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісімен кездесіп, Орталық Азиядағы өңірлік жобаларға жоғары баға берілді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Біріншіден әр мәселеге байланысты біздің ұлттық мүдделерімізді қорғау деген ұстанымдамыз. Осы бағытта, әрине, бар кездесулерді өткізіп жатырмыз. Сыртқы саясат – ол ішкі саясаттың жалғасы деп білеміз. Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» және де «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» деген принциптерін алға тартып жатырмыз. Соны біз халықаралық қарым-қатынастарға проекция жасап, біздің ұстанымдарымызды жеткізіп жатырмыз.
Бас Ассамблеясы аясында кәрі құрлықпен де байланыс беки түсті. Мұхтар Тілеуберді кипрлік әріптесімен кездесіп, Брюссель өкілімен екіжақты даму жолдарын талқылады.
Константинос Комбос, Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі:
- Екі ел арасындағы тікелей байланысты және адамдар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуымыз керек. Қазақстанда Кипрдің 400 компаниясы жұмыс істейді, соңғы жылдары инвестиция көлемі 4 млрд долларға жетті. Екі тарап та осы байланысты ұзақмерзімді дамытуға мүдделі.
Йозеф Сикела, Еурокомиссияның халықаралық серіктестік жөніндегі комиссары:
- Қазақстан – Еуроодақ үшін маңызды серіктес. Цифрландыру мен спутниктік байланыс жобаларын, соның ішінде 300-ден астам шалғай елді мекенді байланысқа қосуды талқыладық. Ақтау және өзге порттардағы ынтымақтастықты кеңейтіп, қазіргі жобаларды жеделдетуге келістік.
Ал БҰҰ мінберіне Израиль премьер-министрі көтерілгенде, жиналған қауымның басым бөлігі наразылық танытып, шығып кетті.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Залдан әлі шықпаған ар-ұжданнан жұрдай қорқақтар болса, қазір шыға берсін. Израиль өзін ғана емес, жаңа ғана залдан кеткен делегаттардың елдерін де қорғап жатыр. Тіпті олардың кейбір басшылары Иранға қарсы әрекетіміз үшін бізге оңаша алғыс айтады. Біз жеңеміз, өйткені басқа амалымыз жоқ.
Нетаньяху Газадағы геноцидті жоққа шығарды. Тегеранға қарсы соғысты қорғап, Трампқа алғыс айтты. Ал Иран өкілдері өз орнына Қасым Сулейманидің портретін қойып, кетіп қалды. Сирия, Түркия президенттеріне шүйліккен саясаткердің сөзі бас ассамблеядан гөрі, келесі айдағы өзі түсетін сайлау қарсаңындағы Израильге көбірек бағытталғандай әсер қалдырды. Ал ғимарат сыртында наразы топ демонстрация ұйымдастырып, өз қарсылықтарын білдіріп жатты.
Палестина президенті Махмұд Аббас БҰҰ мінберіне бұл жолы да шыға алмады. АҚШ виза бермеген соң, оның алдын ала жазылған үндеуі көрсетілді. Ол палестиналықтардың өз жерінен ығыстырылуына жол бермеуге шақырып, алдағы қарашада парламент сайлауының өтетінін алға тартты. Осылайша Бас Ассамблеяның үшінші күні дағдарыс пен қақтығыстар арасындағы мәлімдемелермен есте қалды.
Авторы: Ердана Ержанұлы
Тегтер #24KZ #Келіссөз #БҰҰ Бас ассамблеясы #АҚШ #Израиль #Биньямин НетаньяхуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz