Еуропа қалалары жыл сайын вандализммен күреске қомақты қаржы жұмсайды. Шаһар басшыларына абаттандыруға бөлінетін бюджетті, жөндеу мен тазалық жұмыстарына бағыттауға тура келеді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Бұл – Брюссель көшелеріндегі вандализмнің бір ғана мысалы. Қалада тұрғын үйлердің қасбеттеріндегі, ескерткіштер мен қоғамдық көліктердегі суреттерден көз сүрінеді. Коммуналдық қызметтер шаһар келбетін қалпына келтіру үшін әлсін-әлсін тазалау жұмыстарын жүргізіп отыруға мәжбүр.
Виктор Орта атындағы мектеп Брюссельдің тарихи ғимараттарының тізіміне енген. Бірақ оның қабырғаларын вандалдар бүлдіруге құмар. Тек 2013-2017 жылдар аралығында қасбетіндегі суреттер мен жазуларды жергілікті билік 22 рет өшіруге мәжбүр болған. Былтыр тіпті оның тас қабырғалары қайта тазалауға келмейтіні, тіпті мектепке толық жөндеу қажет екені белгілі болды.
Боб Де Брабандере, Брюссель астаналық өңірі парламентінің депутаты:
- Кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалады, ал келтірген шығын сирек өндіріледі. Мұны, мысалы, жаңа жыл мерекесіндегі тәртіпсіздіктер кезінде көруге болады. Бұзақыларды ұстайды, бірақ қатаң жаза қолданбайды. Мұндай босаңдық ауыр зардаптарға әкеледі.
Сен-Жиль коммунасында бес қызметкерден тұратын бригада қасбеттерді тұрақты түрде тазалап тұрады. Тұрғындарға бұл қызмет тегін көрсетіледі. Жергілікті мэрдің айтуынша, бұзақылар өзара бәсекелесіп, қолтаңбалары арқылы сол жерге иелік ететінін көрсеткісі келеді. Кінәлілерді тауып, жауапқа тарту әрқашан мүмкін бола бермейді.
Жан Спинетт, Сен-Жиль коммунасының мэрі:
- Бейнебақылау камералары орнатылып, полиция жұмыс істеп жатса да, бұзақылардың кім екенін анықтау қиын. Өйткені олар көбіне беттерін тұмшалап алады немесе бас киіммен жасырады. Суреттерді өшіру құқық бұзушылардың өздеріне міндеттеледі. Сондай-ақ әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұлды олар ата-аналарымен бірге төлейді.
Граффити – вандализмнің бір түрі ғана. Бұзақылар қоғамдық орындардағы құрал-жабдықтарды да бүлдіреді. Оларды қалпына келтіру шығынын көлік компаниялары, жергілікті билік пен ғимарат иелері көтереді. Бүлінген нысандардың сыртын ғана емес, эскалаторларды, турникеттер мен өртке қарсы жабдықтарды да жөндеуге тура келеді.
2025 жылы вандализм салдарынан Брюссельдің STIB көлік компаниясы 4 миллион еуродан астам шығынға батты. Оның 2,3 млн-ға жуығы жерасты инфрақұрылымын қалпына келтіруге кеткен. Граффитиді өшіруге 162 мың еуро жұмсалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп.
Құқық бұзушыларды анықтауға қабырғадағы суреттер көмектеседі. Мамандар таңбаларды бейнебақылау камераларындағы ұқсас жазбалармен салыстырады. Осылайша, мүлікті бүлдірудің бірнеше дерегін бір адаммен байланыстырып, бұзақы әрбір әрекеті үшін жауапқа тартылады. Вандалдардың мысын басу үшін суреттер мүмкіндігінше тез өшіріледі. Жазуларды тазартуға заманауи технологиялар, соның ішінде лазерлер қолданылады. Ал ғимараттардың беті арнайы қорғаныш қабаттарымен өңделеді. Бұдан бөлек көше суретшілеріне қолдау көрсетіледі. Оларға арнайы орындар бөлініп, қаланы безендіру жобалары мен өнер фестивальдеріне қатысуға шақырылады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #24KZ #Бельгия #вандализм #Еуропа #БрюссельPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz