Жасанды зерденің ақыл-ойы 7 ай сайын екі есе жетіліп отырады.
Бұл модельдерді бағалау және қатерлерді зерттеу ұйымының дерегі. Технологиялық компания басшылары да осыған алаңдайды. Нарықтың алпауыттары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде жасанды интеллект адамнан асып бара жатқанын мойындады. Сондықтан ақылды машинаға қатаң бақылау қажет деп отыр. Өйткені кибершабуыл көбейіп келеді. Енді қайтпек керек?
Жасанды интеллектінің тиімділігінен бөлек қауіпсіздігіне басымдық берілуі керек. Австралия премьер-министрі БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен технологиялық компанияларға шүйлікті. Бұлай деуіне себеп те жоқ емес.
Биыл жазда OPEN AI-дың нейрожелісі елдің үкіметтік сайтына бұзып кірген. Сөйтіп, жабық деректерге қол жеткізеді. Алайда мұны технологиялық компания басшылығы Австралия билігіне бірер айдан соң ғана хабарлайды.
Энтони Албанезе, Австралия премьер-министрі:
- Біз жасанды интеллектінің дамуын тоқтатып тастай алмаймыз. Сол себепті біз ақылды машинаға бақылау орнатуымыз керек деп ойлаймын. Бұл үшін ортақ халықаралық заң қабылдауымыз қажет. Өйткені технология бізді емес, біз технологияны басқаруымыз керек.
Кейінгі бір жылда Австралия цифрлық технологиялардың қолданысын шектей бастады. 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды. Ақылды көзілдірік нарығын да бақылауға ниетті. Енді технологиялық компанияларды сынай бастады. Жасанды сана қарқынды дамыған сайын, адамзатқа төнер қауіп артатыны бұрыннан айтылып жүр.
Алайда мұны енді өндірушілердің өздері де растап отыр.
Сэм Альтман, OpenAI компаниясының бас директоры:
- Жасанды интеллект болашағын тек технологиялық компаниялар шешпеуі керек. Бұл мәселеге мемлекеттер мен қоғам да араласуы қажет. Бір-бірімізден озамыз деп, ақыр аяғы жасанды интеллектіні бақылаудан шығарып алып, құрып тынбасақ болғаны. Сондықтан мұны саяси тұрғыда реттеу маңызды деп ойлаймын.
Anthropic компаниясының басшысы да осыған алаңдайды. Сондықтан жасанды интеллектінің даму қарқынын баяулатуға әзір. Тіпті БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде нақты ұсыныстарын да тізіп шықты.
Дарио Амодеи, Anthropic бас директоры:
- Озық технологияның көмегімен биологиялық қару жасауға тыйым салу керек. Әр ел бақылау және тексеру жүйесін құру қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бүкіл әлем күш біріктірсе дейміз. Бұл үшін халықаралық хабарлау жүйесін құрсақ, жасанды интеллектіден төнер қауіпті бағалауға мүмкіндік туады.
Ал АҚШ Президенті Дональд Трамп ақылды машинаны дамытуға шектеу қоюға қарсы. Өйткені жасанды интеллект экономиканың қозғаушы күші болады. Алдағы уақытта өсімнің 25 пайызы осы сала есебінен жүзеге асады деп отыр. Ал Бейжің Вашингтон бұл салада үстемдік орнатқысы келеді, деп санайды.
Фу Цун, Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:
- Ірі державалар озық технологияларды бақылап, цифрлық үстемдік орнатуға тырысып әлек. Ал бұл саланың дамуын тежейді. Шағын және орта елдердің еркін таңдауына және дамуына кедергі келтіреді. Салаға үстемдік еткен ел бүкіл жаһанға қауіп төндіруі мүмкін.
Әлемдік нарықтың алпауыттары жасанды интеллект адамнан ақылды болып бара жатқанын жақсы түсінеді. Бірақ оның дамуын баяулатса, бәсекелес елдер оза түсуі мүмкін. Сондықтан саладағы жаһандық дода күшеймесе, мұнымен тоқтай қою екіталай, дейді сарапшылар.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #жасанды интеллект #модельPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz