Нидерландта ауаны көмірқышқыл газынан тазартатын кешен жұмысын бастады.
Жаңа нысан тыңайтқыш пен аммиак өндіретін Еуропадағы ең ірі зауыттың аумағына салынды, деп хабарлайды 24KZ. Компания басшылығы жыл сайын ауадан 800 мың тонна көмірқышқыл газын аулап, табиғатқа келер залалды азайтамыз, деп отыр. Есесіне көміртегі салығынан босатылады.
Нидерландтың Зеландия провинциясында тұрғызылған жаңа кешен 15 жылда 12 млн тонна көмірқышқыл газын аулап, өндірістің жаһандық климатқа әсерін азайтуға көмектеседі. Премьер-министр Роб Йеттен бұл технологияны ғылыми озық жобаға балады.
Роб Йеттен, Нидерланд премьер-министрі:
- Еуропа өнеркәсібінің әлеуеті өте зор. Иә, бізге АҚШ пен Қытай бәсекелес. Энергия бағасы да арзан емес. Бірақ Еуропаның өз өндірісі мықты болуы үшін көмірқышқыл газ шығарындыларын азайтып, жаңа технологияларды дамыту қажет.
Өндіріс кезінде ауаға тарайтын түтінді арнайы химиялық сүзгілер арқылы жинайды. Бұдан соң төменгі температурада сұйылтып, көлемін азайтады. Бұл тасымалдауды жеңілдетеді. Ал залалсыздандырылған зиянды газды арнайы танкермен Норвегияға жөнелтеді. Мамандар мұны су астына, яғни 2 мың 600 метр тереңдікке бағыттайды. Уақыт өте келе ауадан ауланған шығарындылар қатты жынысқа айналуға тиіс.
Вопке Хукстра, Еуроодақтың климат мәселелері жөніндегі комиссары:
- Ең бастысы, бұл технологияның климат пен экономикадан бөлек елдің тәуелсіздігіне де пайдасы зор. Өндірісті күшейтіп, зиянды газды азайтып, таза технологияны дамытуға мүмкіндік туады.
Алайда Еуропаның табиғат жанашырлары жаңа экологиялық жобаны сынға алды. Бұл технология компанияларға бұрынғысынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Себебі көмірқышқыл газын нөлдік деңгейге азайтудың орнына олар көзбояушылықпен айналысып отыр дейді.
Зайнұр Байжігіт
Тегтер #Нидерланд #ауа сапасы #газ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz