RU
Толық нұсқаға өту

Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында метрода жерасты жылыжайы пайда болды

26.09.2026, 09:15 45

Оңтүстік Кореяда жерасты жылыжайлары қарқынды түрде танымал болып келеді. Метро станцияларының бос тұрған аумақтары көкөніс өсіретін жоғары технологиялы жылыжайларға айналуда. Жасанды интеллекттің көмегімен басқарылады, деп хабарлайды 24KZ.


Владислав Цой, тілші:

— Бұрын мұнда бос кеңістік болған. Тэджон қаласының билігі тұрғындардың жұмысқа барып-қайту жолы қызықты әрі көңілді болу үшін осы жерді таңдаған. Осылайша, шамамен 200 шаршы метр аумақта жерасты жылыжайы пайда болды. Бұл – бәлкім, Корея метросында орналасқан ең ірі фермалардың бірі. Қазір мұнда өсімдіктердің 20-дан астам түрі өсіріледі.

Жерасты жылыжайы метро кеңістігін безендіріп қана қоймай, жолаушылардың биология пәні бойынша білімін кеңейтеді. Мұнда балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары айына бірнеше рет келеді.

Ёп Сон Сик, «EN FRESH» компаниясының бас директоры:

— Смарт-ферманы құрудағы мақсатымыз — адамдарға ауыл шаруашылығы саласында ғылыми және мәдени тәжірибе алуға мүмкіндік беру. Мұнда өсірілетін өсімдіктерді біз ғылыми-зерттеу мақсатында пайдаланамыз және халықтың әлеуметтік осал топтарына береміз. Жылдық өндіріс көлемі 30 000 данаға дейін жетеді. Біз ештеңе сатпаймыз, өнімді қарттар үйі мен әлеуметтік қамқорлық орталықтарына тегін жеткіземіз. Өнімнің бір бөлігін өзімізге де қалдырамыз.

Аномальды ыстықтан егіндер күйіп кетіп жатқанда, бұл жерде роботтар мен дрондар тәулік бойы микроклиматты қатаң бақылауда ұстайды. Ауа температурасы 25-30 градус шамасында тұрақты сақталып, күніне үш рет автоматты түрде суғарылып отырады. Жоғары технологияны бар болғаны төрт адам басқарады. Олардың қатарында егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Компания құлпынай мен жүзімді сынақ ретінде өсіруді жоспарлап отыр. Қазір мамандар шағын ақылды фермалар жасап шығаруда. Олар жуық арада мұндай экожүйелер пәтерлерде де пайда болып, үйлерді пестицидсіз жасыл желекпен қамтамасыз ететініне сенімді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz