Ирландия мен Кипр – зейнетке шығуға ең қолайлы елдер. Бұл халықаралық Hoxton Wealth компаниясының дерегі. Ақпаратқа қарағанда, бұл елдерде үкімет зейнеткерлерге салық төлеуде жеңілдік жасап, мұрагерлік салықтан босатады. Ал бұрын көш бастап келген АҚШ пен Ұлыбритания рейтингтің ондығына да енбей қалды. Өйткені екі елде де еңбегінің зейнетін көру қиындап барады. Сондықтан зейнеткерлер басқа елге қоныс аударуға немесе жұмысын жалғастыруға мәжбүр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір әлемде зейнетақының үш жүйесі бар. Бұл – үлестіру, жинақтаушы және аралас. Алғашқы жүйе Германия, Франция, Италия, Испанияда енгізілген. Яғни жұмыс істейтіндер қарттардың зейнетақысын қаржыландырады. Артықшылығы сол, қарттыққа деп қор жинамаса да, үкімет төлем тағайындауға міндетті. Алайда кемшін тұстары да жоқ емес.
Қарты көп елдің бюджет шығыны арта түседі. Сондықтан бірқатар мемлекет зейнетақы жүйесін реформалауға асық. Солардың бірі – Берлин билігі.
Қазір ел азаматтары зейнетке 66-67 жаста шығады. Енді өмір сүру ұзақтығы артқан сайын зейнетке шығу жасы да ұлғая бермек. Нәтижесінде 2051 жылға қарай Германияда зейнет жасы 68-ге, ал ғасыр аяғына қарай 70-ке жетеді.
Маргарет Франклин, CFA институтының бас директоры:
- Зейнетақы жүйесі тиімді жұмыс істеуі үшін қаржылық мүмкіндіктер, мемлекеттің ұзақ мерзімді жоспары және ең бастысы, азаматтардың мүддесі ескерілуі керек. Яғни жүйенің негізгі мақсаты – адамдардың жинаған қаражатын сақтай отырып, тиімді көбейту.
Жинақтаушы жүйе демографиялық өзгерістерге тәуелді болмайды. Алайда табысы төмен азаматтардың төлем мөлшері әлдеқайда азаяды. Яғни күнкөріске жетпей қалуы бек мүмкін. Сарапшылар әлемнің дамыған мемлекеттерінде зейнетақы жүйесі түгел табысты бола бермейтінін айтады. Мәселен, АҚШ-тың зейнеткерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес 50 жастан асқан әрбір төртінші америкалықта зейнетақы жинағы мүлде жоқ.
Тим Дженкинс, Mercer компаниясының сарапшысы:
- Үкімет адамдарды белгілі бір қорға ақша салуға мәжбүрлемеуі керек. Мұның орнына тиімді әрі сенімді инвестициялық мүмкіндіктерді көбейтсе дейміз. Ол үшін жүйе ашық әрі дұрыс басқарылуы қажет. Сонда зейнетақы жүйесімен қатар ел экономикасының өсуіне де оң әсер етеді.
Сарапшылар ең тиімдісі аралас жүйе екенін айтады. Зейнетақы қорына аударылған қаражаттың бір бөлігі зейнеткерлердің төлеміне жұмсалса, қалғанын болашаққа қор ретінде жинайды.
Эймир Уолш, Mercer компаниясының Еуропадағы инвестициялар жөніндегі директоры:
— Қазір әлемдегі зейнетақы қорларында 64 трлн доллар жиналған. Көптеген мемлекет бұл қаражатты өз экономикасын дамытуға қалай тиімді жұмсауға болатынын қарастырып жатыр. Дұрыс басқарылған инвестиция мемлекетке де, болашақ зейнеткерлерге де пайда әкеледі.
Десе де қазір әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз. Біраз елді қымбатшылық жайлады. АҚШ пен Еуропада инфляция дес бермей тұр. Сарапшылар бұл зейнетақы қорларының инвестициядан түсетін табысына кері әсер етуі мүмкін деп топшылайды.
Автор: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #Зейнетақы жүйесі #БЖЗҚ #Германия #Франция #ИспанияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz