RU
Толық нұсқаға өту

БҰҰ БА 81-сессиясы әлем үшін өзекті бірқатар мәселені қозғады

28.09.2026, 20:20 45

Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірсайысы өз мәресіне жетеді.

Жиында әлем үшін маңызды бірқатар маңызды мәселе қозғалды. Әсіресе АҚШ пен Иран арасындағы текетірес, Палестина мен Израиль, Ресей мен Украина қақтығысы күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа айналды. 

Әлем назары әуелі АҚШ пен Иранға ауды. Келелі жиын аясында тараптар ортақ мәмілеге келер ме екен деп күтті. Бірақ екі ел ақыры келісе алмады. Иран Ормуз бұғазын 7 күнге ашамыз деген еді, Вашингтон илікпеді. Тегеран бастаманы Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 81-сессиясында ұсынып, Қатар арқылы АҚШ-қа жолдады. Келісім жасалған жағдайда Иран бұғаз арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруге және өңірдегі әскери қимылдарды тоқтатуға дайын екенін айтқан. Құжат сондай-ақ АҚШ-тың Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын алып тастауды, Тегеранның бұғатталған активтерін босатуды және Иран мұнайының экспортына салынған санкцияларды жеңілдетуді көздеген. Бірақ Трамп бұл ұсынысты АҚШ үшін қолайсыз деп санайды.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Мен олардың ұсынысын қабылдамаймын. Біз қазір Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырмыз, ол арқылы орасан көп мұнай тасымалданады. Өткен түні бұғаз арқылы 29 кеме өтті. Сондықтан олар Ормуз бұғазын дереу ашқысы келеді. Білесіздер ме, неге? Өйткені олар құрдымға кетіп бара жатыр. Негізгі кіріс көзі осы бұғаздан түсетін. Енді келіп өз-өздерін тығыраққа тіреп отыр.

Бас Ассамблеядағы пікірсайыс кезінде Иран президенті Масуд Пезешкиан мінберге шығып, сөз алды. Марқұм Аятолла Хоменеи мен Минабтағы қыздар мектебінің суретін ұстап тұрып, Израиль мен АҚШ-тың әрекетін қатаң сынады. Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеді.

Масуд Пезешкиан, Иран Ислам Республикасының президенті:

- Олар біздің мектептерімізге, ауруханаларымызға, университеттерімізге, көпірлеріміз бен инфрақұрылымдарымызға шабуыл жасады. Мұның бәрі халықаралық құқыққа қайшы. Бізге күш өзімізді қорғау үшін қажет, өзгелерге шабуыл жасау үшін емес. Энергия да даму үшін керек, бомба жасап, біреуге қауіп төндіру үшін емес. Трамп Иранға көрсетіп жатқан қоқан-лоқы халқымызды одан әрі біріктіріп, күшейтетінін білгені жөн. Иран халқы бас имейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында Газа секторындағы ахуалға ерекше назар аударылды. Бейбітшілік кеңесі Газаны қалпына келтіру бойынша бастапқы жоспарын ұсынды. 66 жобаны қамтитын құжатта инфрақұрылым, экономика және анклавты басқару жүйесіне қатысты мәселелер қамтылған. Алты айға арналған жоспардың жалпы құны - 2,45 млрд доллар. Бірақ жоспар іске асу үшін Израиль мен ХАМАС түпкілікті келісімге келуі тиіс. Тараптар палестиналық ұйымды қарусыздандыру және Израиль әскерін Газадан шығару шарттары жөнінде келісе алмай отыр.

Джаред Кушнер, Бейбітшілік кеңесі атқарушы кеңесінің мүшесі:

- Былтыр тараптардың бітімге келуіне қол жеткіздік. Бірақ мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Соғыстың салдарымен күресу жолында атқарар жұмыс өте көп. Оның бәрін нақты жоспарсыз іске асыру қиын. Бұған қатысты келесі жылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.

Палестина президенті Махмұд Аббас БҰҰ мінберіне бұл жолы да шыға алмады. АҚШ виза бермеген соң оның алдын ала жазылған үндеуі көрсетілді. Ол палестиналықтардың өз жерінен ығыстырылуына жол бермеуге шақырды.

Махмуд Аббас, Палестина президенті:

-  Палестина делегациясына Нью-Йоркке келу және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырыстарына қатысу үшін қажетті визалар осымен екінші жыл қатарынан берілмеді. Израильдің басқыншы күштері Газа секторында біздің халқымызға қарсы геноцидтік соғыс жүргізіп жатыр. Мұның соңы бұрын-соңды болмаған гуманитарлық апатқа әкеп соқтырды. Әскердің қолдауымен қоныстанушылардың лаңкестік әрекеттері де өршіп тұр.

Алайда Биньямин Нетаньяху Газадағы геноцидті жоққа шығарды. Сондай-ақ Тегеранға қарсы соғысты қорғап, Трампқа алғыс айтты. Израиль премьер-министрі мінберге көтерілгенде, жиналған қауымның басым бөлігі наразылық танытып, шығып кетті.

Ресей мен Украина қақтығысы да қалыс қалмады. Біріккен ұлттар ұйымына мүше 51 ел Ресейді атысты тоқтатуға келісуге шақырды. Айта кету керек, Антониу Гутерриш ұйым басшысы ретінде пікірсайыста соңғы рет сөз сөйледі. Ол қазіргі заманның негізгі сын-қатерлері ретінде соғыс, теңсіздік, климат дағдарысы және жасанды интелекетінің дамуын атап өтті. Ал Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін реформалау қажеттігін шегелеп айтты. 

Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz