RU
Толық нұсқаға өту

Әскерде ЖИ белсенді енгізіліп жатыр

29.09.2026, 00:01 42

Әлем елдерінде қорғаныс саласына жасанды интеллект қарқынды түрде енгізіліп жатыр.

Қытай әскери мақсатта қолданылатын роботтар әзірлей бастады. Рейтер агенттігінің зерттеуінше, гуманоид-жауынгер бөлімшелері алдағы 5-10 жылда қатарға қосылуы мүмкін. Олар ең бірінші кезекте адам өміріне қауіпті орындарға жіберіледі. Жасанды зердені қорғаныс саласына енгізу бойынша тағы қандай жаңалықтар бар? 

Market.us зерттеу агенттігінің мәліметі бойынша, әскери саладағы жасанды интеллектінің жаһандық жылдық нарығы 12,4%-ға артып, 2032 жылға қарай 24,7 миллиард АҚШ долларына жетеді деген  болжам бар. Бұл нарық 2022 жылы 7,9 миллиард АҚШ долларына бағаланған болатын. Сонымен қатар зерттеу агенттігі Жасанды интеллектіні әскери салада қолданудың 10 негізгі бағытын жариялады. Бұлар Автономды қару-жарақ жүйелері, Бақылау және барлау, Нысандарды тану және жіктеу, Қауіп-қатерді талдау және болжау, Логистика және жеткізу тізбегін басқару, Киберқауіпсіздік қорғанысы, Электронды соғыс жүргізу, Симуляция және дайындық, Медициналық диагностика және емдеу, Шешімдерді қолдау жүйелері. Мамандардың айтуынша, әскери салаға жасанды интеллектіні енгізу және қолдану осы 10 бағыт бойынша дамытылып жатыр.

Қытайда әскерилер гуманоидтардың майданда қаншалықты тиімді болатынын сынақтан өткізіп жатыр. Сарапшылар мұндай технология алдағы 5-10 жылда әскери салада кеңінен қолданылатынын айтады. Құлтемірлер алдыңғы шепте жүріп, жерден де, көктен де барлау жасап, соққы бере алады. Олар сондай-ақ тұрмыстық және өндірістік тапсырмаларды да орындауға қабілетті.

Жапония әскерге сарбаз-роботтарды енгізе бастады. Елдің Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, олар тікелей ұрысқа қатыспайды, қару ұстамайды. Бастапқы кезеңде әскери базаларды күзету, нысандарды патрульдеу міндетін атқарады. Сонымен қатар, әскери қоймаларда ауыр жүктерді, құрал-жабдықтар мен азық-түлікті тасымалдауға жегіледі. Бұл қадамға басты себеп – демографиялық дағдарыс. Халық санының азаюы мен қартаюына байланысты әскерге баратын жастардың саны күрт кеміген. Алдағы 20 жылда бұл көрсеткіш тағы 30%-ға азаюы мүмкін.

Ернат Қашқынов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz