RU
Толық нұсқаға өту

Неміс сапасының сыры неде?

29.09.2026, 07:15 53

Германия — заманауи шаһарлар мен ежелгі қамалдар, жоғары технология мен салт-дәстүр тоғысқан мемлекет. Көрікті жерлері кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Орталық Еуропа жерінде орын тепкен мемлекет ғылым мен техника саласында көшбасшы, деп хабарлайды 24KZ.

Германия астанасы Берлин — мұражайлардың қаласы. Мұнда 180-ге жуық мұражай бар. Олардың арасында ежелгі жәдігерлер сақтаулы тұрған әйгілі Пергам бар. Бұдан бөлек, Германия – қамалдардың көптігімен танымал мемлекет. Елде 25 мыңдай қамал орналасқан. Ең танымалы – Нойшванштайн. XIX ғасырда Бавария королі ІІ Людвигтің бұйрығымен салынған. Ерекше сәулетімен қызықтыратын ғимаратты көру үшін жыл сайын миллиондаған турист ағылады. Осыдан-ақ Германияның тарихы қаншалықты бай екенін аңғаруға болады.

Германия – өзен-көл, тау-тасқа бай мемлекет. Әсем табиғаты көздің жауын алады. Әсіресе ормандары көп. Жер аумағының шамамен үштен бірін жасыл желектер алып жатыр. Осы орайда Шварцвальд орманын атап өтуге болады. Қазақ тілінде «Қара орман» деген мағынаны білдіреді. Өйткені мұнда биік өскен ағаштардан тал түстің өзінде іші күңгірт тартып тұрады.

Халық саны 83 млн 500 мыңға жуықтайтын Германия тұрғындары салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды берік ұстанады. Бавария – елдің мәдени орталығы. Тұрғындар әр мерекені ерекше етіп, кең ауқымда тойлағанды жақсы көреді. Бұл аймақ 16 федералды жердің ең үлкені. Ал Бавария Альпілерінде Германияның ең биік тауы Цугшпитце орналасқан. Биіктігі – 2962 метр.

Әрине, Германия жайлы сөз қозғағанда, көлік шығару саласына тоқтала кетпесе болмас. Өйткені Германия – автокөлік Отаны. Карл Бенц алғашқы темір тұлпарды дәл осы елде жасап шығарды. Ал жергілікті брендтері күллі әлемге танымал. Былтыр елде 4 миллионнан астам автокөлік өндірілді.

Автор: Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz