RU
Толық нұсқаға өту

Жерорта теңізі Ормузды алмастыра ала ма?

29.09.2026, 08:20 56

Таяу Шығыста мұнай көп, жеткізу қиын. Сол себепті баға да шарықтап тұр. Алайда бір қызығы, қазір өңірде Ормуз бұғазы жабылып, қатер көп болып тұрса да қара алтын экспорты тоқтаған жоқ. Керісінше, артқан. Kpler халықаралық компаниясының дерегі бойынша, қырқүйекте Парсы шығанағы елдері тәулігіне 12,8 млн баррель мұнай жөнелткен. Оның 7,4 млн баррелі Ормуз бұғазы арқылы өтті. «Бұл өңірде қақтығыс басталғалы – ең жоғары көрсеткіш», - дейді сарапшылар, деп хабарлайды 24KZ.


Десе де Ормузға сенім жоқ. Мұнай да, басқасы да бір күні болмаса, бір күні жетер жеріне жетпей қалуы мүмкін. Сол себепті көп мемлекет балама жол іздеп әуре. Ирак Түркия, Иордания және Сирия арқылы жаңа дәліз қарастырып жатыр. Өйткені Сирия мен Ливан Жерорта теңізіне шыға алады. Бірақ бұл мәселені қаншалықты шеше алады?

Ирак әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі. Алайда Ормуз бұғазындағы дағдарыс шикізат экспортына салмақ салды. Соғысқа дейін Ирак тәулігіне шамамен 3,3 млн баррель мұнай экспорттап келген еді. Мұнайдың көп бөлігі Басра порттары арқылы Парсы шығанағына, одан әрі Ормуз бұғазынан өтіп, Қытай мен Үндістанға жөнелтілді. Енді мұнайды бір ғана бағытта экспорттауға болмайтынын түсінген Ирак Түркияның Жейхан порты, Иорданияның Акаба порты және Сирия арқылы Жерорта теңізіне шығатын жол іздеп жатыр. Әрине, бұл жол Ормузды толық алмастыра алмайды. Өйткені Ирак мұнайының негізгі сатып алушылары – Азия елдері.

Ирактың мұнайын батысқа қарай шығару жоспары Сирия мен Ливанның транзиттік әлеуетін арттырады. Сирияның Жерорта теңізінде орналасқан Банияс порты бар. Ирак пен Сирия биыл шілдеде «Хадита — Банияс» мұнай құбырын жандандыру бойынша келісімге келді. Жоба іске асса, Ирак мұнайы Сирия арқылы Жерорта теңізіне тікелей шығуы мүмкін. Құбырдың бастапқы өткізу қабілеті тәулігіне 2 млн баррельге дейін жетуге тиіс. Әзірге жобаға қажет қаражат пен техникалық тұжырымдама пысықталып жатыр.

Ливан да осы мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Оның Триполи порты Ирак мұнайын Жерорта теңізіне шығарудың тағы бір орталығына айналуы мүмкін. Алайда Сирия мен Ливанның соғыстан кейінгі инфрақұрылымы толық қалпына келген жоқ. Саяси тұрақсыздық та жоғары. Бұл ретте құбыр не теміржол салу жеткіліксіз. Оны қорғау, басқару және тұрақты жұмыс істету керек.

Еуропа Ресей мен Таяу Шығыстан келетін энергияға тәуелділігін азайтуға тырысқан сайын, Жерорта теңізінің оңтүстігіндегі мұнай мен газ өндіруші елдердің маңызы арта түседі. Бұл ретте Африкадағы ең ірі мұнай өндіруші ел Ливияның мұнай нарығында маңызы артуы мүмкін. Ливия мұнайға да, газға да бай ел. Дәлелденген мұнай қоры шамамен 48 млрд баррель. Негізгі нарығы — Еуропа. Сонымен қатар Ливия Италияға құбыр арқылы газ жеткізеді. Алайда Ливияның ішкі энергетикалық жүйесінде түйткіл көп. Елдегі саяси бөліну мен қауіпсіздік мәселелері мұнай кен орындары мен экспорттық терминалдардың жұмысына кері әсер етеді.

Жерорта теңізі — Еуропа, Азия және Африка құрлықтарындағы 20-дан астам елдің жағалауын шайып жатыр. Әлемдік мұхиттың небәрі 1 пайызына жуық аумағын алып жатса да, жаһандық теңіз тасымалының шамамен 20-25 пайызы осы аймаққа шоғырланған. Мұнай тасымалындағы үлесі – шамамен 30 пайыз. Сондықтан бұл теңіз үш құрлықты байланыстыратын маңызды сауда дәлізі саналады. Ал Ормуздағы дағдарыс Жерорта теңізінің балама бағыт ретіндегі стратегиялық маңызын арттырып отыр.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz