АҚШ әскері араға 20 жыл салып, Ирак аумағынан толық шықты.
Бұл туралы Ирак үкіметі хабарлады. Бұған дейін американдық әскер елден 2011 жылы шығарылған еді. Кейін 2014 жылы "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына қарсы күреске көмектесу үшін елге қайта кірді. Кейінгі жылдары Иракта екі мың бес жүздей американдық сарбаз болған. АҚШ әскері негізінен Ирак күштерін оқыту, кеңес беру және барлау ақпаратымен алмасу міндеттерін атқарған. Сарапшылардың пікірінше, әскердің шығарылуы АҚШ-тың Ирактағы ықпалы толық тоқтайды дегенді білдірмейді. Вашингтон елмен дипломатиялық және әскери байланысын сақтап, Ирак қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Енді ресми Бағдад бұл күнді "Тәуелсіздік күні" ретінде атап өтуге ниетті. Ал Иранмен байланысты қарулы топтарды қарусыздандыру жоспары 2027 жылдың маусымына шегерілді.
Тахсин Әл-Хафаджи, генерал-майор:
- Ирактың қауіпсіздік күштері, сөзсіз, дайын. АҚШ бастаған коалиция 2014 жылдан бері "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына қарсы операция жүргізді. 2017 жылы Ирактағы, ал 2019 жылы Сириядағы ұйымның аумақтық жеңілісі жарияланды. Бүгінге дейін біз қауіпсіздік күштеріміздің ел шекарасын қорғауға, терроризмге қарсы іс-қимылға және ең қолжетімсіз, күрделі географиялық аймақтардағы бекіністерге соққы беруге қабілетті екенін күн сайын дәлелдеп келеміз.
Тегтер #АҚШ #Ирак #әскер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz